Талғардағы Шерзат Болаттың өліміне байланысты тағы бір күдікті ұсталды
Полиция Талғардағы 16 жасар Шерзат Болаттың өліміне байланысты тағы бір адамды ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видео кадрларынан скрин
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше 17 қазанда Шерзатты өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында тағы бір күдікті азамат К ұсталған.
"Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел тергеу іс-шараларының кешенін жүргізу жалғасып жатыр", – делінген хабарламада.
Осылайша, Талғарда Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша 11 адам ұсталды. Бұған дейін 10 күдікті туралы хабарланған еді.
Сондай-ақ Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдемнің 16 жасар Шерзат Болатқа бірінші шақырудан кейін 10 минуттан соң келгенін мәлімдеді. Бірақ жараланған жасөспірім мен оның ағасын дәрігерлер емес, туыстары ауруханаға жеткізген.
"4 қазан күні сағат 00:46-да бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметке ұялы телефоннан куәгерден қоңырау түсті. Ол Талғар ауданы, Талғар қаласы, Менделеев көшесі №13 мекенжайы бойынша "адамға оқ атылғанын, жағдайы нашарлап жерде жатқанын" хабарлады. Бригада шақыру орнына 10 минутта, сағат 00:56-да уақытында жетті", – деді басқарма.
Ведомство жедел жәрдем бригадасының келуімен қайғылы оқиға орнында полиция қызметкерлері болғанын айтты. Ал Шерзат пен оның ағасы ауруханаға жеткізілген.
"Диспетчер ақпаратты бірден сағат 00:47-де 102 қызметіне жіберді. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін зардап шеккендерді 2008 ж.т. болат Шерзат Қаржаубайұлы және 1994 ж. т. Гаипбаев Нұрғанат Полатұлы Талғар ауданының ОАА қабылдау бөлмесіне жеткізген. Зардап шеккендердің туыстары жеткізді", — делінген денсаулық сақтау басқармасының жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Сондай-ақ Шерзат Болаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кеткені туралы жазған едік.