Талғарда тергеу изоляторынан қашып кеткен ер адам жиен қарындасын зорлады деген күдікке ілінген
Талғарда изолятордан қашып кеткен күдіктінің кімді зорлағаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
26 жастағы жігіт жиен қарындасын зорлады деген айыппен ұсталды. Күдікті Тереңқара ауылында тұрған. Туыстары ешқандай пікір білдірмеді.
Көршілерінің айтуынша, түрмеден қашқан азамат бұған дейін жазаға тартылған. Ол анасымен бірге тұратын. Жақында анасы 8-сыныпта оқитын жиенін өз қолына асырауға алған. Қыздың зорланғанын алдымен мектептің мұғалімдері білген.
“Жиен қыз тіпті отбасына зорланғанын айтпаған. Өйткені ол қаскөймен бір үйде тұрды. Жәбірленушінің мұғалімдері не болғанын біліп, анасына хабарлаған. Сөздерінше, жағдай жазғы демалыста үйде болған”, – деді көршісі Фатима Өтемісова.
Зорлау бойынша күдіктінің үйі бақылауға алынды. Талғардағы жолдарда бақылау-өткізу бекеттері болды. Бірақ таңертең алып тастады. Ер адам Талғар аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторынан 17:00-дерде қашып кеткен. Полиция іздеуге барлық күш жұмылдырылғанын айтады.
Тергеу изоляторының маңында тұратын тұрғындар алаңдаулы. Олар мұндай жағдайлар бұрын да болған дейді. Қашқындар сол жақтағы үйлердің бақшасына жасырынған көрінеді.
“Кейде күдіктілер қашып кетеді. Сосын бізге төтенше жағдай болғанын айтып, "Тұрғындар, көшеге шықпаңдар" дейді. Мен өзім үшін емес, балалар үшін қорқамын. Олар бақшаға кіріп кетеді. Бәрі ашық. Бір рет полицейлер бақшаны аралап жүріп, бір күдіктіні ұстап алды”, – деді Талғар қаласының тұрғыны Айжан Рахимова.
Полиция бөлімшесінің аумағында көптеген бейнекамералар орнатылған, бақылау-өткізу бекетінде кезекші күзетшілер бар. Бірақ күдіктінің тергеу изоляторынан қалай шығып кеткенін ешкім түсіндіре алмады.
“Зорлау дерегі бойынша күдікті азамат Қ уақытша ұстау изоляторынан қашып кетті. Сонымен бірге қашудың мән-жайын анықтау үшін қызметтік тергеу жүргізу тапсырылды. Жағдай облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында”, – деп мәлімдеді Алматы облысы ІІД ресми өкілі Меруерт Морякова.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарды аралап, бейнебақылау камераларынан бақылап отыр. Әзірге нәтиже жоқ.
Күдіктінің бойы 180 сантиметрдей. Денесі ірі, шашы қара, қысқа. Ер адам қара киім мен аяқ киім киген.
Оның кінәсі дәлелденсе, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін және қашып кеткені үшін жауап береді.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда зорлау оқиғасы бойынша күдікті изолятордан қашып кеткені айтылды. Кейін ол туралы толық ақпарат шығып, аты-жөні, жасы, мекенжайы көрсетілді.