Талғарда ер адамға оқ атып, екі жасар қызын ұрлап кетті деген ақпарат тарады (видео)
Фото: Telegram-арна Молодой Кабылтаев
Алматы облысы Талғар қаласында ер адамды атып өлтіріп, екі жасар қызын ұрлап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокат Гаухар Сариеваның айтуынша, қылмыскер бір ай бұрын ер адамның қарындасын зорлады деп күдікке ілінген. Ол көлікке техникалық қызмет көрсету станциясының қызметкері. Бір ай бұрынғы іс бойынша полиция ешқандай шара қолданбаған.
Адвокаттың айтуынша, екі күн бұрын ол күйеуімен бірге күдіктіні ұстап, полицияға тапсырған. Алайда келесі күні ол бостандыққа шыққан. Осыдан кейін ер адам Сариеваның әпкесіне қоңырау шалып, қорқыта бастаған. Ақыры ол қыздың ағасының үйіне барып, оны атып, екі жасар баланы алып кеткен.
Аталған жағдайға қатысты Алматы облысының полиция департаментінен мән-жайды сұрадық. Полицияның арнайы жасағы кәмелетке толмаған баланы босату операциясын сәтті жүргізіпті.
“Бала босатылды, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны дереу қамауға алу шаралары жүргізіліп жатыр. Арнайы операцияның барысын Ішкі істер министрі жеке бақылап отыр”, – делінген хабарламада.
Фото: Ішкі істер министрлігі
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқанеді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртегенкүдіктілер әлі күнге табылған жоқ.
Ал 2024 жылдың 9 желтоқсанында марқұмның ағасы 30 жастағы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі қала шетінен табылған. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, ол өз-өзіне қол жұмсаған.
2025 жылдың 5 маусымында Жетісу облысының соты Талғарда жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарған еді. 19 тамыз күні апелляциялық сот сотталушылардың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
