Талғарда ер адам азаматтық некедегі әйелін қызының көзінше пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді
Фото: takiedela.ru
Талғарда әйелді азаматтық некедегі күйеуі бес жасар қызының көзінше өлтірген. Полиция күдікті қолға түскенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағдайды “НеМолчи” қоры Instagram парақшасында жазды. Ондағы мәліметке сәйкес, қайғылы жағдай Талғар маңындағы Тұрар Рысқұлов ауылында болған. 45 жастағы ер адам азаматтық некедегі әйелін пышақтап өлтірген.
“Талғар ауданына қарасты Рысқұл ауылында ер адам кәмелетке толмаған қызының көзінше әйелін пышақтап өлтірді. Әйел көп қан жоғалту салдарынан көз жұмды. Тағы бір әйел қазасы. Күйеуі ұсталып, полиция бөліміне қамалды. Бұл оқиға 14 қаңтар күні болған. Марқұм өте жақсы әріптес, құрбы әрі ана еді”, – делінген жазбада.
Скрин: НеМолчи
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы облыстық полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Олардың мәліметінше, Рысқұлов ауылының тұрғынын өлтірді деген күдікпен 45 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Атырауда жоғалып, өлі табылған ерлі-зайыптының денелерінде пышақ жарақаттары болған
Теміртауда автобуста 18 жастағы жігітті пышақтап кетті (видео)
“Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мәліметке сәйкес, отбасылық жанжал кезінде ауыл тұрғыны азаматтық некедегі жұбайына екі рет пышақ жарақатын салған. Ауыр жарақат алған әйел бірнеше сағаттан кейін көз жұмған. Жәбірленушіні жаралары таңылған күйде туыстары тауып алған. Полиция қызметкерлері күдіктіні оқиға орнында ұстады”, – делінген хабарламада.
Қазір жағдайдың мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр екен. Тергеу нәтижелері бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте 21 жастағы қызды көшеде танысы пышақтап кеткені туралы жазған едік.
"Разы болмаймын": Қазақстандық әйел офисінің жанына киіз үй тігіп, мәйіт қойған көршілерінің әрекетіне шағымданды (видео)