Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғандағы үйдегі жарылыс: Марқұмдардың туыстары оқиғаға Болат Назарбаев салдырған мешіт себеп болғанын айтады

2024 жылдың желтоқсанында Талдықорғандағы жер үйде жарылыс болып, екі адам қаза тапты. Марқұмдардың туыстары жарылысқа үйдің жанындағы Болат Назарбаев салдырған мешітті жылыту үшін заңсыз тартылған газ құбыры себеп болды деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Newtimes.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Коллаж Stan.kz

Талдықорғанда марқұм Болат Назарбаев салдырған мешітті жылытуға арналған газ құбыры заңсыз жүргізілген. Қаза тапқан ерлі-зайыпты Бекпаевтардың анасының айтуынша, осы құбырдан газ сыртқа шығып, тұрғын үйдің жарылуына себеп болған.

"Облыс әкімдігінің өкілдері Болат Назарбаевтың бұйрықтарын бұлжытпай орындады. Ол "салыңдар" деді, әкімдіктегілер орталық газ жүйесін күтпестен, бірден салды. Газ құбырын қалай болса солай, асығыс, талаптарды бұзып, құжатсыз жүргізген, тек Назарбаевқа жағыну үшін. Біз мұны жарылыстың себептерін зерттей бастағанда түсіндік: газ неге жиналды, неге жарылыс болды, ұлымның отбасы неге жетім қалды?", – дейді Күләш Бекпаева.

Әйелдің айтуынша, жарылыста ол туған ұлы мен келінінен айырылған. Төрт бала жетім қалды, ал марқұмдардың 16 жастағы ұлы әлі күнге дейін ауруханада жатқан көрінеді. Жарылыстан бері екі ай өтсе де, тергеудің қалай жүріп жатқаны туралы нақты ақпарат әлі жоқ. 

"Екі жыл бұрын мешітті орталық газ жүйесіне қосты, содан кейін көп ұзамай ұлымның үйінің жанында газдың сыртқа шығуы болды. Газ жуынатын бөлмеде жиналып қалған, ал келінім таңғы сағат жетіде жарықты қосқанда, жарылыс болған. Үй толығымен қирады. Үйдің ішіндегі құбырларда ешқандай ақау табылған жоқ, ал мешітке апаратын газ құбырынан зақым анықталды", — дейді зейнеткер.

Жергілікті билік өрттен кейін отбасына көмектесуге уәде берген, алайда туыстарының айтуынша, әлі күнге ешқандай көмек көрсетілмеген. 

"Тергеу, құжаттар, жерлеу, ауруханалар барлығы біздің мойнымызға түсті. Әкімдіктен ешқандай көмек болған жоқ, тек бос сөз ғана. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жағдайды бақылауда ұстайтынын айтқан еді, бірақ нақты көмегін көрмедік. Өте қиын болды, не істеу керектігін білмедік. Тіпті қазір де өз-өзімізге келе алмай жүрміз, әрі қарай не істейтінімізді білмейміз", – дейді әйел. 

Еске салсақ, бұған дейін 2024 жылдың 31 желтоқсанында Талдықорғанда жекеменшік екі қабатты үйде газ жарылып, екі адам қаза тапқаны туралы жазған едік. 

Талқылау