Талдықорғандағы газ жарылысы: Ақау мешітке тартылған газ құбырынан шыққан деген болжам бар
Былтыр 31 желтоқсанда Талдықорғандағы жер үйде болған жойқын жарылыстың себебі әлі анықталмай жатыр. Жарылыс кезінде көз жұмған ерлі-зайыптының тустары кінәлілер табылмай жатыр дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Марқұмдардың туыстары ақау мешітке тартылған газ құбырынан шыққан деп отыр. Себебі үй ішіне жүргізілген құбырлар бүлінбеген. Үйдің үлкені Ернұр Жүкенов баспанаға тартылған газдан ақау шықпағанына сенімді. Ол мешітке жерастымен тартылған газдан дүмпу шықты дейді.
“Менің ойымша бұл жақта бұрын мынандай бағаналар болмайтын. Бұларды осы жақында салды. Жарық, бағана және тас жолды жақында салды. Бағананы қойған кезде де, тас жолды салған кезде де ешкім газ құбыры жатқанын білмеді деп ойламын. Өйткені мұнда ешқандай жерде қағазы жоқ”, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Ернұр Жүкенов.
Отбасының туыстары жарылыс болған үйге жақын орналасқан мешіт заңсыз газ тартқан деп отыр. Мешіт 2020 жылы ашылған. Әкімдіктегілер мешіт "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының қаржысына салынғанын айтады. Ал имамдар газдың құжаты бар, тек оны тергеушілер алып кеткен дейді. Алайда былтыр күзден бастап бұрынғы газ компаниясы ғимаратты жылытудан бас тартыпты.
“Күзде бізге сіздерге қоспаймыз, газ бермейміз деді. Сосын біз "Газаймаққа" қосылдық. Ал олардан рұқсатымыз бар. Олар рұқсатын берді. Құжатын өткіздік, бәрін жасадық. Сонымен енді тағы бір құжатқа қол қояйық деп отырғанда мынандай болды. Қазір енді бізге бітеме салып тастады, болды”, – дейді “Тәубе” мешітінің имамы Серік Шәріпұлы.
“Ақау мешітке жүргізілген газ құбырынан шыққан ба” деген сауалға құзырлы органдар тергеу аяқталмайынша жауап бере алмайтындарын жеткізді.
“Қылмыстық іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды. Нәтижелері әлі күнге дайын емес. Дайын болған кезде іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – дейді Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Руслан Чарапиев.
Еске салсақ, 31 желтоқсан күні Талдықорғанда жекеменшік екі қабатты үйде газ-ауа қоспасының жарылуынан өрт шыққаны туралы жазған едік. Салдарынан 7 адам зардап шегіп, оның екеуі көз жұмды. 16 жастағы жеткіншек әлі өмірі үшін күресіп жатыр.