Талдықорғанда жатақханада көз жұмған 16 жастағы Зарина Берікованың ісін тергеу мерзімі ұзартылды
Талдықорғанда жатақханада көз жұмған 16 жастағы Зарина Берікованың жұмбақ өліміне қатысты деректер қосымша тағайындалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін жарияланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Жетісу облыстық полиция департаменті жатақхананың бейнежазбасы жоғалып кетті деген ақпаратты жоққа шығарды.
Ал марқұмның телефоны мен ватсап мессенджеріне қатысты мәліметтерді тергеу құпиялығына байланысты жариялауға құқығымыз жоқ дейді тәртіп сақшылары.
Айта кетейік, Зарина Берікова 28 ақпанда инновациялық колледждің жатақханасында қайтыс болған еді. Алғашында тағайындалған мемлекеттік медициналық сараптаманың нәтижесі бойынша бойжеткен дәрі ішіп, уланып өлген. Бірақ медициналық препараттың мөлшері белгісіз. Бұл қорытындыға студенттің жақындары сенбейді. Сондықтан олар істің жан-жақты әрі әділ жүргізілуін талап етіп отыр.
Жетісу облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Арман Сұлтанұлы қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді.
"Кәмелетке толмаған Зарина Берікованың жатақханада қайтыс болу дерегі бойынша Талдықорған қаласының полиция басқармасымен адам өлімі бабымен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазір жәбірленушінің заңды өкілінің өтінішімен қосымша сот дәрігерлік сараптама тағайындалды. Іс бойынша тиісті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін заңды процессуалдық шешім қабылданады", – деді тергеуші.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында 16 жастағы қыз жатақханада көз жұмғанын жазған едік. Жазира Тоғасбаева 7 ай бұрын жалғыз қызынан айырылды. Зарина 9-сыныпты бітіріп, Талдықорғандағы инновациялық колледждің филология факультетіне оқуға түсіп, жатақханаға орналасады. Алайда 6 айдан соң студент қыз мерт болды.