Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда автобус жүргізушілері наразылыққа шықты

Талдықорғанда 80-нен астам қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ақпарат бүгін әлеуметтік желілерде пайда болды, онда таңертеңнен бері Талдықорғанда қоғамдық көлік тапшылығы байқалып жатқаны айтылған болатын. Анықталғандай, автобус жүргізушілері наразылыққа шығып, жұмысқа шығудан бас тартқан.

Қала әкімдігі маршруттық автобус жүргізушілерінің жалақысының кешіктірілуіне қатысты мәселенің бар екенін растады.

"Бүгін 10 бағытқа қызмет көрсететін 81 автобустың жүргізушілері тамыз, қыркүйек айлары жалақысының кешіктіріп төленуіне байланысты желіге шықпай қалды. Әкімдік өкілдері көлік жүргізушілеріне жалақының кешігу себептерін түсіндіріп, қоғамдық көліктердің жұмысы қайта жанданды", – деп хабарлады Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Анықталғандай, 2022 жылға тасымалдаушы компаниялардың қызметін субсидиялауға жарияланған 880 миллион теңгенің 430 миллион теңгесі ғана бөлінген болып шықты. Қалдық сомаға бюджеттік сұраныс қалалық мәслихатта әлі қолдау тапқан жоқ.

Еске салайық, Талдықорғанда автобус жүргізушілерінің тасымалдаушылардың ішкі мәселелеріне байланысты жұмысқа шықпай қалу жағдайы бірінші рет емес. Бір жылдан астам уақыт бұрын бірнеше автобус компаниясының жүргізушілері айлық жалақы қарызын толық өтеуді талап етіп, ереуілге шыққан болатын.

Талқылау