Талдықорғанда әскерге жаңадан шақырылған сарбаздар жаппай ауруханаға түсті
Талдықорғанда әскерге жаңадан шақырылған сарбаздар жаппай ауруханаға түсті. Қорғаныс министрлігі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі забарлайды.
Фото: Ашық дереккөзден
Министрлік мәліметінше, Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімінде дәрігерлер медициналық тексеру кезінде маусымдық суық тию белгілері бар 16 сарбазды анықтаған.
Министрлік сарбаздардың Талдықорған әскери госпиталіне жатқызылғанын мәлімдеді. Бір сарбаз көпсалалы госпитальға жатқызылған. Дәрігердің айтуынша, биыл 4 қазанда қарулы күштер қатарына шақырылған сарбаздар әскери бөлімге суық тию белгілерімен келген.
"Әскери медицина қызметкерлері науқастарды оқшаулау және емдеу бойынша жедел шаралар қабылдады. Бір әскери қызметкер өзін нашар сезініп, көпсалалы госпитальға "полисегментальды пневмония" диагнозымен жатқызылды. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери қызметкер есін біледі, тамақты өз бетімен жейді. Оң өзгерістер бар", – дейді дәрігер Болат Тасыбаев.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, барлық әскери қызметкер толық ем қабылдайды. Жақын арада қажет емдеу шараларынан кейін сарбыздардың бір бөлігі ауруханадан шығуға дайындалады.
Еске салсақ, бұған дейін Қарағанды облысындағы гарнизонда әскери қызметкер өзін атып өлтіргені туралы жазған едік.