Талапкерлерді шетелге оқуға түсіремін деп миллиондаған қаржы алған компания алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Фото: Видеодан скрин
Алматылық компания Еуропа, АҚШ және Қытайдың беделді университеттеріне оқуға түсуге көмектесемін деп, бірнеше адамды миллиондаған теңгеге алдап кеткен. Қаржысынан айырылған жүздеген талапкер мен олардың ата-анасы шағым білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Neupusti компаниясы әлеуметтік желілерде 5000-нан астам талапкердің Еуропа, АҚШ және Қытайдағы университеттерге оқуға түсуге көмектескенін хабарлаған. Алайда соңғы айларда компаниядан зардап шеккендер саны күрт артқан. Жүздеген клиент миллиондаған теңге төлегенімен, шетелдік жоғары оқу орындарына түсе алмаған. Зардап шегуші Тамила Тагиева Словакиядағы университетке түсу үшін осы компанияға жүгініп, шамамен 1,5 миллион теңге төлеген. Оған тіл курстары мен толық қолдау көрсетеміз деп уәде етілген. Бірақ ақша алған соң компанияның жұмысы тоқтап қалған.
“Алты ай бойы словак тілін оқытамыз, кейін университетке түсіруге көмектесеміз, емтиханға дайындаймыз деді. Бірақ іс жүзінде үш-ақ апта сабақ өтті, бітті. Оларға жазсам, жауап бермейді. Ақшаны қайтаруды сұрасам “ертең, арғы күні” деп созып, ақыры мені де елемей қойды”, – дейді Тагиева.
Әйкерім Қасымжанова екі жыл ішінде компанияға төрт миллион теңгеден астам ақша берген. Бірақ қызы шетел университетіне мүлде орналаса алмаған.
“Қызым университеттің деканатына барып, құжаттарын көрсеткенде олардың сайтында IELTS нәтижесі қолдан жасалған болып шықты. Бізде – 6.0 сертификат, ал сайтта – 6.5 деп көрсетілген. Қытайда бәрі өте қатаң, жалған сертификат мүлде өтпейді. Одан кейін бала депортацияланады деген әңгіме басталды. Бұған компанияны кінәлаймын. Екі жыл бойы балам зардап шекті”, – дейді жәбірленуші Әйкерім Қасымжанова.
Скрин: Instagram neupusti_net
Ал компания директоры мүлде кері байланыс бермей қойды. Заңгердің айтуынша, моральдық және материалдық шығынды өндіріп алу үшін сотқа жүгінген дұрыс.
“Полиция азаматтық талаптарды қамтамасыз ету үшін күдіктінің барлық мүлкіне тыйым сала алады. Мұндай адамдар ақшаны туыстарына немесе жақын таныстарына рәсімдеп қоюы мүмкін. Бірақ тергеу органдары ондай мүлікке де тыйым салуға құқылы”, – деді заңгер Сергей Уткин.
Полицияға әзірге 36 адам шағым түсірген. Компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.
“Алматы қаласының полиция департаментіне шетелге жұмысқа орналастыру, толық сүйемелдеу және көмек көрсету қызметтерін ұсынған компанияға қатысты арыздар түсті. Аталған азаматтардың арызы бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады”, – делінген полиция хабарламасында.
Ал зардап шеккендер саны күн санап көбейіп жатыр. Адамдар ұжымдық шағым дайындап, әділдікке жетуге ниетті. Айтуынша, осы компания арқылы шетелде жұмысқа орналаспақ болғандар да полицияға шағым түсіріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Мыңға жуық ата-ана Tesla Education білім беру орталығын алаяқтық жасады деп айыптаған еді.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады