Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Таксопарктер Яндекс не айтса, соны істейді": Депутат такси агрегаторының нарықтағы үстемдігін сынға алды

Депутат Марат Әбенов жолаушылар тасымалын бақылайтын өзін-өзі реттейтін ұйымдар құру мәселесіне арналған жалпы отырыста елдегі такси компанияларының барлығы "Яндекс.Таксиге" бағынатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Депутат такси нарығында әділ бәсекелестік болуы үшін ұсынылып отырған өзін-өзі реттеу мен ақпараттың ашықтығы қажет екенін айтты. 

"Яндекс.Таксидің нарықтағы ең негізгі ойыншы екенін бәріміз білеміз. Яндекс.Карта арқылы басқа ешқандай платформа іске қосыла алмайды. Америкалық Uber нарыққа кірді, қуып шықты, қытайлық компаниялар да кіруге тырысты, оларды да қуып шықты. Соңында тек Яндекс қалды. Ал осы Яндекстің өзі өзін-өзі реттеу ұйымына кірмейді", – деді депутат.

Мәжілісмен "Яндекс.Такси" қазір әкімшіліктерге жолаушылар ағыны, қанша көлік жұмыс істейтіні және олардың қандай тіркеуі бар екені туралы ақпарат бермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, егер "Яндекс.Такси" агрегаторының өзін-өзі реттейтін ұйымға қосылуы талап етілмесе, онда атқарылған әрекеттерден нарықта ешқандай нәтиже болмайды.


"6250 теңге": Астанада жол апатына түскен депутат Яндекс такси берген өтемақы мөлшеріне шағымданды


"Ертең біреулер тағы да Яндекске қарсы шығуы мүмкін. Таксопарктер тек Яндекстің айтқанын істейді. Олар қазірдің өзінде бізді қорқытып отыр: "Егер бізге қатты қысым жасасаңыз, қызметті өшіріп тастаймыз, халық шулайды" дейді.  Біз не істей аламыз? Қандай шешім қабылдануы мүмкін?", – дейді Әбенов. 

Көлік министрі Марат Қарабаев заң мұндай агрегаторлардың өзін-өзі реттейтін ұйымға міндетті түрде енгізілетінін атап өтті. 

"Олар ұйымға қосылуға міндеттеледі. Бекітілетін ережелер мен стандарттар аясында олар толық ақпаратты, соның ішінде ұйым мүшесі болып саналатын қарапайым жүргізушілердің деректерін де ұсынуы керек", – деді Қарабаев.

Министрдің айтуынша, қазір Қазақстан нарығында Яндекс-тен басқа, тағы жеті интернет-сервис бар. Қарабаев Еуропадан тағы бір әлемдік такси брендін Қазақстан нарығына әкелуді жоспарлап отырғандарын айтты. Алайда компанияның атын атаудан бас тартты.

Еске салсақ, бұған дейін Яндекс.Такси мен InDrive сынды такси қызметтері өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болуға міндеттелетіні туралы жазған едік.

Талқылау