Таиландтан әкелінген қолғаптар қазақстандық өнім ретінде мемлекетке сатылған: Шығын 5 миллиард теңгеден асады
Фото: freepik.com
Қазақстанда "KazMedProm" компаниясы Тайландтан әкелінген қолғапты отандық өнім деп алдап, жоғары бағада мемлекетке сатып 5 миллиард теңгеден аса шығын келтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғары аудиторлық палата материалдарына сәйкес, компания 2024 жылы отандық өндіруші мәртебесін пайдалана отырып, "СК-Фармация" арқылы 63 миллион жұп медициналық қолғапты 8,1 миллиард теңгеге сатқан. Алайда, бұл қолғаптар Таиландтан әкелінген өнім партиясымен көлемі мен сипаттамасы жағынан дәл сәйкес келетіні анықталған. Бұл мәліметтер кедендік декларациялармен расталған. Жеткізу мерзімдері де "СК-Фармацияға" жеткізілген күндермен сәйкес келеді.
Аудиторлар өнімнің шыққан елін қасақана ауыстыру мүмкіндігіне назар аударды. Бұл – импорттық тауарларды Қазақстанда өндірілгендей етіп көрсетіп сату дерегі болуы ықтимал. Бұдан бөлек, тексеріс бағаның едәуір қымбаттатылғанын да анықтаған: “KazMedProm” ЖШС Panagloves маркалы латекс қолғаптарын 98 теңгеден сатқан. Ал нарықта олардың бағасы 40 теңге шамасында. Нәтижесінде мемлекет шамамен 5,3 миллиард теңге артық төлеген болуы мүмкін.
2025 жылдың 27 мамырында тексеріс материалдары Бас прокуратураға жолданған. Ал 18 шілдеде бұл құжаттар Қаржылық мониторинг агенттігіне процессуалдық шешім қабылдау үшін берілді.
Айта кетейік, құжаттар Бас прокуратураға берілмей тұрып, 22 мамырда Шымкент қаласының прокуратурасы KazMedProm ЖШС қызметін өз бетінше тексеруді бастаған. Бұл тексеріс 27 маусымда аяқталды.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, KazMedProm жыл сайын шамамен 17 миллион жұп қолғап шығарады. Бұдан бөлек, тағы 50 миллион жұп қолғап Таиландтан bulk күйінде (ораусыз) әкелініп, Қазақстанда жуылып, кептіріліп, дезинфекцияланып, қаптамаға салынады.
Шымкент прокуратурасы мұны қайта өңдеу процесі деп бағалап, қылмыстық құрам жоқ деген қорытындыға келген. Алайда бұл жағдайда тауар кодтары өзгермейді. Яғни өнім әлі де импорттық деп есептеледі және Қазақстанда өндірілген ретінде танылмайды.
"Яғни бұл толыққанды өндіріс емес. Ал өнімді мемлекетке нарықтан бірнеше есе жоғары бағамен сату дерегі расталды. Осылайша Жоғары аудиторлық палатаның "СК-Фармация" тарапынан отандық өндірушілердің өндірісті локализациялау шарттарын сақтауын бақылаудағы, сондай-ақ баға реттеу тетіктеріндегі тиімсіздік туралы қорытындысы толығымен негізді", – деп түйіндеді аудит нәтижесін мамандар.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
