Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министрлік Таиландта комаға түскен қазақстандықты елге жеткізуден бас тартты

Видеодан скрин

Таиландтағы ауруханада ауыр халде жатқан қазақстандықты елге санавиациямен жеткізуден үшінші рет бас тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дәрігерлердің айтуынша, науқас Алексей Вивтоненко арнайы ұшақпен тасымалдау талаптарына сай келмейді. Оған елге өз күшімен оралуға тура келеді. 

Қазір 36 жастағы қостанайлық ер адам есін жиған. Оған күрделі ота жасалып, іш қуысына сұйықтықты сыртқа шығаратын арнайы түтіктер орнатылған. Ер адам тіпті отыра алмайды, денесі екі аптаға созылған дәрі-дәрмектік комадан кейін әбден әлсіреп қалған. Таиланд дәрігерлері оны ағзаларының істен шығуына байланысты комаға жіберген көрінеді.

Ер адам комада жатқан кезде Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі науқастың жағдайы тым ауыр болғандықтан санавиация арқылы елге әкелуден бас тартқан. Ал қазір министрлік мәліметінше, жағдай керісінше, науқас қарапайым ұшақпен үйіне оралуға қабілетті, себебі ол есін жиған, өздігінен тыныс алады. 

Науқастың туыстарының айтуынша, таиландтық дәрігерлер науқасты тек медициналық қызметкердің қадағалауымен және жағдайын мұқият бақылап отыру арқылы ғана тасымалдауға рұқсат берген. Алайда денсаулық сақтау министрлігіміз көмектесуден бас тартқан. 

“Мен бәрін түсінемін, бірақ біз медициналық көрсеткіштерге сәйкес жұмыс істейміз. Өкінішке қарай, осы әлеуметтік көрсеткіштер реттелмеген. Сонымен қатар Таиланд дәрігерлері де науқасты тасымалдау әдеттегі рейспен жүзеге асуы мүмкін деген мүмкіндікті жоққа шығармайды. Мұндай жағдайлар бізде бұған дейін де болған. Адамдар комадан шыққан соң, бизнес-классқа билет алып, сол арқылы ұшып келеді”, – дейді денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық жедел медициналық координациялық орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.

Еске салсақ, бұған дейін Таиландқа демалысқа барған қазақстандық азамат комаға түсіп қалғаны туралы жазған едік. Артынша ер адам есін жиып, өзіне қолдау көрсеткен отандастарына алғыс айтып, видеоүндеу жолдады.

Дана Русланқызы
Жұма, 20 Наурыз, 2026 22:51