Таиланд пен Камбоджа бір-бірін бітімді бұзды деп айыптап, қайта қақтығыс бастады
Фото: Камбоджа ақпарат министрлігі
Таиланд Камбоджа аумағына әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Таиланд тарабы даулы шекара аумағында қайтадан қақтығыстар басталғаннан кейін осындай шешім қабылдағанын айтты.
Екі ел бір-бірін шілде айында жасалған бітімді бұзды деп айыптады. Айта кетейік бұл келісімге АҚШ президенті Дональд Трамптың араласуымен қол жеткізілген еді.
Таиланд армиясының хабарлауынша, жергілікті уақытпен таңғы 5:00 шамасында күшейген қақтығыстар барысында бір тай солдаты қаза тауып, сегізі жараланған.
Таиландтың әуе соққылары камбоджалықтардың дрондарды басқару үшін пайдаланған кешендерін нысанаға алғаны айтылды.
Таиланд Камбоджа ауыр қару-жарақ қолданғанын және әскери бөлімшелерін қайта топтастырғанын, бұл жағдайдың ауқымды шиеленіске алып келуі мүмкін екенін мәлімдеді.
“Бұл әрекеттер Таиланды Камбоджаның әскери әлеуетін тежеп, әлсірету үшін авиация қолдануға мәжбүр етті”, – делінген әскерилердің мәлімдемесінде.
Камбоджа ақпарат министрі Нет Пхеактраның айтуынша, төрт камбоджалық бейбіт тұрғын қаза тауып, тоғызы жараланған. Ондаған мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Өз кезегінде Камбоджа қорғаныс министрлігі Таиланд әскері бірнеше күн бойы жасалған арандатушылық әрекеттерден кейін таңертең екі бағыттан шабуыл жасағанын, ал камбоджалық әскерилер жауап қайтармағанын мәлімдеді.
Камбоджаның қазіргі премьер-министр Хун Маненің әкесі Хун Сен тай әскерін “арандатуға тырысатын агрессорлар” деп айыптап, камбоджалық күштерді сабыр сақтауға шақырды.
Камбоджа қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы, генерал-лейтенант Мали Сочета Камбоджаның “бірінші соққыны Таиланд жасады” деген мәлімдемесін қайталап, Таиланд жексенбі күні түстен кейін және дүйсенбіге қараған түні тағы шабуыл жасағанын айтты. Оның сөзінше, таңертең тай әскері танктер мен артиллерия қолдана отырып, камбоджалық әскерге ғана емес, азаматтық нысандарға да соққы жасай бастаған.
“Шабуылдар бойы камбоджалық әскер ешқандай қарсы әрекет көрсеткен жоқ, өйткені біздің күштер бітім шартының талаптарын қатаң сақтап отыр”, — деді Сочета.
Ол халықаралық қауымдастықты Таиландтың әрекеттерін айыптауға шақырып, “агрессиялық әрекеттер” үшін Таиланд толық жауап беруі керек екенін айтты.
Таиланд бұл айыптауларға жауап бермеді және Камбоджа бірінші шабуыл жасады деп мәлімдейді.
Таиланд премьер-министрі Анутин Чарнвиракул оның елі “ешқашан зорлық-зомбылықты қолдамайтынын”, бірақ “егемендігін қорғау үшін қажетті барлық шараларды қолданатынын” айтты. Баспасөз мәслихатында ол азаматтарды “үкімет пен әскер” қақтығысты бақылауда ұстай алатынын мәлім етті.
Екі ел арасындағы созылмалы шекара дауы шілде айында бес күнге созылған қақтығысқа ұласқан еді. Сол кезде Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим мен АҚШ президенті Дональд Трамптың ара ағайындығымен бітім жасалған.
Камбоджа осы әрекеті үшін Трампты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынғанын еді.
Еске салсақ, осыған дейін Таиланд үкіметі шекарада тай және камбоджа әскері арасында болған атыстан кейін қауіпсіздік шараларын күшейткенін жазғанбыз.
"Акушерьге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады