Таиланд пен Камбоджа атысты тоқтату туралы келісімге келді
Фото: Mohd Rasfan/REUTERS
Таиланд пен Камбоджа атысты тоқтату туралы келісімге келді. шарт 28 шілде күні түнгі 00:00-ден бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Келісім туралы Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим өз резиденциясында екі ел басшыларымен өткізілген келіссөздерден кейін мәлімдеді. Келіссөздерге Камбоджа премьер-министрі Хун Манет пен Таиландтың уақытша премьер-министрі Пхумтхам Вечайчай қатысты.
Айта кетейік, Таиланд пен Камбоджа арасындағы аумақтық даудың бірнеше жылдық тарихы бар. Даулы аймақтар арасында ежелгі храмдар орналасқан шекара бөліктері де бар.
Қақтығыстың бұл жолғы ушығуы 2025 жылғы 28 мамырда, даулы учаскелердің бірінде қару қолданылған оқиғадан кейін басталды. Қарулы қақтығыс екі ел де бейтарап деп танитын аймақта орын алған. Камбоджа бір сарбазының қаза тапқанын айтып, бұл үшін Таиландты айыптады. Ал Бангкок, керісінше, жауапкершілікті Пномпеньге жүктеді.
Қарсылас риторикаға қарамастан, екі тарап та жағдайды одан әрі ушықтырудан барынша аулақ болып, шекарадағы әскер санын көбейтіп, дипломатиялық мәлімдемелермен шектеліп отырды. Аймақта осындай ауқымды әскери әрекеттер соңғы рет 2011 жылы тіркелген.
Еуроодақ Украинаға көмегін қысқартады
Израиль әуе күштері Газа аймағына тағы да шабуыл жасады: Қаза тапқандардың арасында балалар бар
Еске салайық, бұған дейін Камбоджа мен Таиланд арасындағы қақтығыс жауын-шашынның салдарынан уақытша тоқтағаннан кейін қайта жалғасқан болатын. Екі ел арасындағы шекарадағы шиеленіс 24 шілдеде басталды. Камбоджаның Қорғаныс министрлігі Таиландты эскалацияны бірінші болып бастады деп айыптап, көрші елдің өз территориясына басып кіргенін мәлімдеді. Ал Бангкок Камбоджаны болған оқиға үшін жауапкершілік алуға және азаматтық пен әскери нысандарға шабуылдарды тоқтатуға шақырды.
АҚШ президенті Дональд Трамп екі ел арасындағы дауды реттеуге көмектесуге дайын екенін білдірді. Ол Таиландтың уақытша премьер-министрімен сөйлескенін және елдер арасындағы бітімге келу жақын екенін айтты. Бұл мәлімдемеге Таиландта жауап берілді. Таиландтың уақытша премьер-министрі, елдің ішкі істер министрі Пхумтхам Вечайчай Камбоджамен бітімге келуге дайын екенін, алайда екінші тараптың "шын ниетін" көргісі келетінін жеткізді.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
