Таяу Шығыстағы соғысқа қарамастан теңге ең көп нығайған валюта атанды

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейген кезеңде теңге долларға қатысты әлемдегі ең жылдам нығайған валюталардың біріне айналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс басталғалы бері теңге долларға қатысты әлем валюталарының ішінде ең жоғары өсім көрсеткен. Бұл туралы экономист, Ұлттық банк төрағасының бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Facebook парақшасында мәлімдеді. Оның деректеріне сүйенсек, 28 ақпаннан бері теңге доллармен салыстырғанда 7% нығайған. Ал 2025 жылдың қараша айынан есептегенде, өсім 13%-ға жеткен.
Экономист қазіргі кезеңде валюталардың басым бөлігі әлсіреп жатқанын, ал аз ғана бөлігі тұрақтылық сақтап отырғанын атап өтті.
"Өкінішке қарай, мұндай жылдам нығаюдың өзі жақсы белгі емес", – деді сарапшы Олжас Құдайбергенов.
Еске сала кетейік, 6 сәуірдегі сауда қорытындысы бойынша KASE биржасында теңге бағамы 1 доллар үшін 461 теңге деңгейінде бекіді. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде бұл көрсеткіш 549 теңге болған еді.
Сарапшылар теңгенің күрт нығаюын бірнеше факторлармен түсіндіреді:
- салық кезеңі (сәуір басында корпоративтік табыс салығын төлеу қажеттілігі);
- мұнай бағасының өсуі.
Сонымен қатар Қазақстандағы айырбастау пункттерінде доллар бағамы әлі төмендеп жатыр. Сағат 11:00-дегі жағдай бойынша Астананың айырбастау орындарында доллар орта есеппен 464 теңгеден сатылып, 457 теңгеден сатып алынуда.
Ал Алматыда АҚШ валютасы 460 теңгеден сатылып, орта есеппен 457 теңгеден сатып алынып жатыр. Айта кетейік, 6 сәуір күні KASE қор биржасындағы күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 466,33 теңге болып, 4,07 теңгеге төмендеген.
Сол күні Астанада айырбастау орындарында доллар орта есеппен 470 теңгеден сатылып, 463 теңгеден сатып алынған. Алматыда доллардың сату бағамы 465,22 теңге, сатып алу бағамы 462,76 теңге болды.
Ұлттық банк төрағасы өздерін "алып сусиырға" теңеді
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Тимур Сүлейменов Таяу Шығыстағы жағдай теңге бағамына тікелей теріс әсер етеді деп санамайтынын айтқан еді. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы көбіне мұнай бағасына тәуелді. Мұнай қымбаттаса, экспорттық түсім артып, нарықта валюта ұсынысы көбейеді. Бұл өз кезегінде теңгенің тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді. Сондықтан күтпеген сыртқы факторлар болмаса, теңге бағамы жақын уақытта қазіргі деңгейде сақталуы мүмкін.