Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен де адам баласымын": Берденов ісі бойынша сотталушы сотта соңғы сөзін айтты

Берденов ісі бойынша сотталушы сотта соңғы сөзін айттыФото: коллаж/Руслан Берденов, Ернар Жиембай

Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті өлтіруге оқталу ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Бүгін сотталушы Ернар Жиембай соңғы сөзін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ернар Жиембай соңғы сөзінде өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады.

"Маған тағылған айыпқа ішінара келісемін. Алайда бұл оқиға өздігінен болған жоқ деп толық айта аламын. Мен өзімді есі дұрыс адам ретінде айта аламын. Оған сараптама қорытындылары да бар. Себепсізден-себепсіз барып, тиіспеген адамға барып қорқыту мақсатында оқ атқан жоқпын. Сот тергеуінде берген жауабымды толық қуаттаймын. Жәбірленуші Руслан Арысбекұлынан кешірім сұраймын", – деді айыпталушы. 

Ол оқыс оқиғадан кейін Берденовті екінші рет көргенін, ота жасалатындықтан, тек кешірім сұраумен шектелетінін айтып, оның денсаулығына ауыр зиян келтіргенін мойындады.

"Қалай болмасын мен ол кісінің денсаулығына ауыр зиян келтірдім. Сол бойынша кешірім сұрадым. Алайда өтірік сұрақ қоя алмады деуге негіз жоқ деп санаймын.  Онлайн байланыс кезінде жәбірленуші Руслан Арысбекұлынан бірінші кезекте болған жағдайға байланысты денсаулығына зиян келтіргеніме өкініп, кешірім сұрадым. Операцияға кетейін деп тұрған адамға артық сөз айтпай, тек кешірім сұраумен болдым. Ал осы мезетте Руслан Арысбекұлы "Еркек болсаң, әйеліңді араластырмауың керек еді" деп біраз артық әңгімелер айтып үлгерді. Кейін жәбірленушінің өкілі Жеңіс Тыныбек "Жаңа ғана Берденовтің алдында тұрып ешнәрсе айта алмастан, "өзі жоқтың көзі жоқ" деп қайта сөйлей бастадың ба?" деп кикілжіңге айналдырды. Бұл ретте кешірім сұрай білу, кешіре білу де  – адами қасиет дер едім. Мен ол қасиеттен аса алмадым...Руслан Берденов "Бұл атылған оқ – тек маған емес, бүкіл мемлекеттік саяси лауазым иелеріне қарсы атылған оқ" деп саясиландыру әрекетін жасауда. Ол дұрыс емес. Мен өзімнен өзім барып, Руслан Берденовті жазықсыздан-жазықсыз атып, темір тордың арғы жағына ұзақ жылдарға кете берген болып тұрмын ғой. Руслан Берденов тап-таза кінәсі жоқ, Алланың алдында қорықса болады ғой. Мойындай білу де жігіттік деп ойлаймын. Уақыт көрсетеді. Мен өз кінәмді ішінара мойындаймын", – деді Жиембай.

Сондай-ақ Берденовтің бұған дейін "менің ақшам жетеді, ем-домға ақша сұрамаймын" деп мәрттік көрсеткенімен, кешегі сотта 25 млн теңге сұрайтынын мәлімдегенін атап өтті.

"Мен айтатын болсам, мен де Руслан Берденов өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, менің жұбайыма қатысты әңгімелер айтып, жеке басыма қатысты намысыма тиетін сөздер айтып, балағаттап, саяси мемлекеттік лауазым иесіне лайықты емес қылықтарының арқасында осы қылмыс орын алып, мен сотталайын деп отырмын", – деп түйіндеді сөзін сотталушы Ернар Жиембай.

Еске салайық, бұған дейін 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылған. Шенеунік жарақат алып, ауруханаға жеткізілген, оған төрт сағатқа созылған ота жасалған. Күдікті Ернар Жиембай оқиға орнында ұсталды. Ол Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіруге оқталу) бойынша айыпталып жатыр. Сонымен қатар 18 тамыздағы сот отырысында Руслан Берденов сөз сөйлеп, оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 19 Тамыз, 2025 16:17
Талқылау