Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көзден жас ағып тұр, үш минут сайын түшкіремін": Алматылықтар жаппай аллергияның өршігеніне шағымдануда

Алматылықтар аллергияға шағымдандыФото: freepik.com

Желіде алматылықтар аллергияның ушыққанын айтып шағымданды. Мамандар мұны өсімдіктердің гүлдеу маусымында тозаңының шамадан тыс бөлініп жатқанымен байланыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғынның айтуынша, соңғы күндері көптеген адамнан аллергияны байқаған.

"Аллергиясы қайта ушыққан адамдар мен сіздермен біргемін. Тағы бір жаңа зең түрі тіркеліпті. Енді мүлде үйден шықпау керек пе, білмеймін", – деді ол.

Актер Санжар Мади өз парақшасында "кеше аллергия екі есе күшпен соқты. Тағы кім байқады?", – деп жазды. 

Оған жауап берген желі қолданушылары да осы қиындыққа тап болғанын айтты.

Тележүргізуші Еркебұлан Мырзабек те осындай жағдайға кезіккенін жеткізді. "Менде ғана шығар деп ойласам. Қатты болып тұр екен," — деп бөлісті ол.

"14:00-ден кейін кенеттен аллергиям әбден күшейіп кеткендей болды. Мұрын қып-қызыл, суы тоқтамайды, көзден жас ағып тұр, әр үш минут сайын қатты-қатты түшкіремін. Күйеуімде де түстен кейін басталды. Алматы, не болып жатыр?" — деп жазды тағы бір желі қолданушысы. 

Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдарының маманы Қайсар Табынов бұған себеп Алматыда жусанның гүлденуі қайта күшейіп, ауадағы тозаңы өте жоғары деңгейге жетуімен байланысты екенін жеткізді. 

“Апта бойы тозаң мөлшері аса қауіпті деңгейде болды. Ал сенбі күні тіпті рекорд орнатты – 1173 дән/м³. Бұл осы маусымда бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Амброзия деген шөптің тозаңы дүйсенбі мен жексенбіде сәл көбейген. Аптаның соңында жаңбыр жауған соң, ауада зең споралары күрт артты. Бұрын байқалмаған Cladosporium herbarum деген жаңа зең түрі алғаш рет тіркелді. Бұл да мықты аллерген”, – деді маман.



Қайсар Табынов сонымен қатар апта бойындағы аллергендердің үлесін көрсетті. Мұнда: 

  1. Жусан – 80%
  2. Амброзия – 7%
  3. Cladosporium herbarum (жаңа зең) – 6%
  4. Alternaria alternata (тағы бір зең түрі) – 5%
  5. Қалғандары – 2%-дан аз.

“Аллергиясы бар адамдарға не істеу керек? Қазір жусанның тозаңы өте көп. Сондықтан аллергия мен демікпе белгілері қаттырақ болуы мүмкін. Жаңбырдан кейін зеңдер де қосымша ауырлық түсіреді. Сол себепті құрғақ әрі желді күндері далаға көп шықпау, терезені жауып қою, маска тағу ұсынылады. Үйге ауа тазартқыш қойса тіпті жақсы. Аллергия күшейсе, әрине, дәрігер-аллергологқа қаралған дұрыс”, – деп қорытты маман.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 23 Қыркүйек, 2025 10:29
Талқылау