"20 тісін бір уақытта емдеген": Тағы бір бала Алматыда тіс емдетуге барып көз жұмды, ал полиция істі жауып тастаған
Фото: Видеодан скрин
Алматыда жекеменшік стоматологияда ем қабылдаған үш жасар бала көз жұмды. Ата-анасының айтуынша, қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан болды. Олар баланың қазасынан соң бірден полицияға арыз жазған. Алайда екі айдан соң іс жабылып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұмның әкесі Азамат баланың беті ісіп, тамақ ішпей жүрген соң стоматологқа алып барған.
“Беті ісіп, тамақ ішпей жүрді. Су ішіп, жұмсақ тағамдарды ғана жейтін. Кейін оны стоматологияға апардым. Әріптесім тісін сол жерде жасатқанын айтып, осы жеке стоматологияны ұсынды. Олар 20 тісін емдеу керек, рентгенге түсіреміз деді. 30 сәуір күні таңғы сағат 7:00-де келіңдер деп айтты. Ондағы мамандардың қолында педиатрдың рұқсат қағазы, қан сараптамасы болмады. Менен де сұраған жоқ. Сосын баланы ұйықтатып, мені шақырып алып уайымдамаңыз бәрі жақсы өтеді”, – деп айтты дейді марқұмның әкесі.
Марқұмның әкесінің сөзінше, бала стоматологтан шыққан соң мүлде ес жимаған.
Фото: Видеодан скрин
“Жұбайым екеуімізге бара беріңіздер, ұзақ уақытқа созылады деп айтты. Сыртқа шығып кеттік. Операция 5 жарым сағаттай болды. Түскі сағат 13:00-ден кейін алып шықты. Бала 15 минуттан соң есін жиды. Мен 860 мың теңге төлем ақы жасадым. Сосын қандай дәрі алу керегін жазып берді. Егер дәрі табылмаса маған хабарласыңыздар, алмастыратын басқа дәрі жазып беремін, деді. Далада жарты сағаттай жүрдік. Бала әлі толық оянбаған еді. Дәріні дәріханалардан таба алмадым. Сосын қайта стоматологияға бардым. Олар дәрігер әлі бос емес, кейін келіңіз деп айтты. Кешке бала оянды ма деп сұрады. Кешкі сағат 17:00-де бала оянбаған еді. Түнгі сағат 23:00-де баламның судорогасы ұстайды. Әйелім анестезиологқа хабарласты. Ол солай болу керек, қорқып қалған шығар, деді. Сосын қызым есінен танып қалды. Ауруханаға апардық дереу. Әйелім стоматологқа, анестезиологқа хабарласып дәрі тізімін сұрады. Олар бір-біріне лақтырып, ұзақ күттіріп барып жіберді. Түнде сағат 1:00-де бала көз жұмды”, – дейді марқұмның әкесі.
Ал марқұмның тәтесінің айтуынша, ата-анасы баланы 13 сәуірдің таңында стоматологиялық тексеруден кейін жоспарланған операцияға әкелген.
“Бізге 20 тісін емдеу керек деді, операция шамамен төрт сағатқа созылады деп айтқан. Таңғы сағат 7:00-де баланы алып кетті. Бірақ операция төрт сағат емес, Севоран наркозымен бес жарым сағаттан астам уақытқа созылды. Баланы сағат 13:30-да алып шықты, ол тым әлсіз болды. Дәрігерлер баланы үйге алып кете беруге болады деді. Бір қызығы баланы бақылауда қалдырмады”, – деді әйел.
Марқұмның тәтесінің айтуынша, бала үйге келген соң да толық есін жимаған. Сол күні кешке жағдайы нашарлап, құрыса бастаған, денесі көгерген.
“Жедел жәрдемді шақырдық, бірақ ол ұзақ уақыт келмеді. Сондықтан ата-анасы өздері ауруханаға апарды. Дәрігерлер оны құтқаруға тырысқанымен, аман алып қала алмады. Ол қайтыс болды”, – деді туысы.
Бала 13 сәуірде көз жұмды. Полиция сол күні қылмыстық іс қозғаған.
“Бірақ екі айдан кейін істі жауып тастаған. Бізге мүлде айтпады. Әкесі тергеудің қалай жүріп жатқанын білу үшін барған кезде ғана іс жабылғанын білді. Тергеу үстірт жүргізілді деп санаймыз”, – дейді марқұмның туысы.
Ата-ана клиникаға сотқа дейінгі талап арыз берді.. Онда олар операция жасалған күні бірнеше рет стоматологияға хабарласып, баланың жағдайы нашар екенін айтқандарын жазған. Алайда қызметкерлер “бәрі қалыпты” деп жауап берген. Сонымен бірге, ем жасаған дәрігер телефонға жауап бермей, тек мессенджер арқылы жазған.
Сараптама қорытындысы қалай?
Тергеу барысында сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сарапшының қорытындысы бойынша, баланың өлімі:
– жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) ауыр түріндегі бүйрек жеткіліксіздігінің салдарынан дамыған ми ісінуі және энцефалопатия.
Алайда туыстары бұған келіспейді:
– операцияға дейін де, дәл сол күні де балада жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері болмағанын айтады;
– стоматологиялық араласу алдында тапсырылған қан талдауы да баланың сау екенін көрсеткен.
Отбасы баланың ұзақ уақыт бойы Севоранмен наркозда болуы өлімге себеп болды деп санайды.
“Біз мекеме тарапынан салғырттық белгілері бар деп ойлаймыз”, – деді туыстары.
Полиция не дейді?
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазір тергеу әрекеттері жүріп жатыр.
“Қазір істі жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу үшін кешенді тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Материалдар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды. Қорытынды бойынша заң аясында шаралар қабылданады”, – делінген хабарламада.
Қазақстандық әйел ұлын жапониялық мектепте оқытқаны үшін Жапон үкіметінен жәрдемақы алады