“Мені спортқа анам алып келді, ал әлем чемпионы атануыма мінезім көмектесті” — Таеквондодан тұңғыш әлем чемпионы Бейбарыс Қабылан
Фото:Stan.kz collage
Таеквондодан Кенияны Найроби қаласында 21 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде 87 келіде ел намысын қорғаған Бейбарыс Қабылан топ жарып, алтыннан алқа тақты. Осылайша Бейбарыс Қабылан Қазақстан тарихында таеквондодан тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Бұл қуанышты жаңалықтан кейін Stan.kz тілшісі спортшының өзін хабарласып, экслюзив сұхбат алды. Ол сұхбат барысында бұл спортқа қалай келгенін және де алдағы мақсат жоспарларымен бөлісті.
– Бейбарыс тағы да тарихи жеңісіңіз құтты болсын! Қазақстан тарихында таеквондодан тұңғыш әлем чемпионы атанып отырсыз. Қандай сезімдесіз? Жекпе-жектеріңіз туралы айта кетіңізші. Ең қиынға соққан қарсылас кім болды?
– Иә, баршаңызға көп-көп рақмет! Көңіл күйім өте керемет. Таеквондодан Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болғаныма өте қуаныштымын. Қарсыластарыма тоқталсақ, әлем чемпионатына кез келген спортшы келмейді. Әр елдің "Сен тұр, мен атайын" деген кіл мықтылары суырылып шығып, өз елдерінің намысын қорғайды. Маған ең қиынға соққан қарсылас – жартылай финалда кездескен Иран елінің өкілі болды. Үш раундқа созылған тартысты айқаста қайтпайтын мінезімнің арқасында жеңісті жұлып алдым.
– Ақтық сында Оңтүстік Кореялық спортшымен чемпиондық атақты сарапқа салдыңыз. Оңтүстік Корея таеквонданың отаны саналады. Қиынға соққан жоқ па? Оның осал тұсын қалай таптыңыз?
– Оңтүстік Корея таеквондоның отаны болғандықтан ол елден шыққан әр спортшы мықты болады. Барлық әдіс тактиканы жеттік, толық қанды меңгерген. Алайда ақтық сында бапкерлеріммен бірге дұрыс тактика құрып, тұшымды жоспар құрдық. Нәтижеснде үздіктер қатарында болған оңтүстіккорейлік спортшыдан басым түсіп, алтын жүлдені жеңіп алдым.
– Оқырмандарға өзіңізді жақынырақ таныстыра кетсеңіз. Қай жақтың тумасыз? Руыңыз қандай? Осы таеквондо спортына қалай келдіңіз?
– Мен Алматы облысы Қаскелен қаласының тумасымын. Руым адай. Кішкентай кезімде өте ширақ, қолды аяққа тоқтамайтын едім. Соны анам байқаса керек, мені ең алғаш таеквондоға анам алып келді. Алғашқы бапкерім Серік Садықов мені жаттықтырды. Бір, екі жаттығудан кейін бұл спортқа деген қызығушылығым мен махаббатым арта түсті. Таеквондоны таңдаған себебім бұл тек ғана күшті талап етпейді. Бұл жерде темірдей тәртіп пен жылдамдықты талап етеді. Сонымен қатар шапшаң ойлау, шешім қабылдау өзіңді бақылау сияқты тәртіп пен еңбекке баулиды әрі қатаң талап қойылады. Отбасым мен жақындарым мені үнемі қолдайды. Менің таңдауымның дұрыстығының бір дәлелі осы жеңісім болды. Таңдауымның дұрыстығына бүгін көзім жетті.
Фото: Спортшының жеке архивінен
– Тарихи жеңісіңізден кейін Президенттің өзі сізді құттықтады. Жалпы күттіңіз бе? Қандай әсерде болдыңыз?
– Шынымды айтсам мұндай жоғарғы деңгейдегі құттықтауды күткен жоқпын. Сол себепті Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлының құттықтауы мен үшін зор мәртебе болды. Өте ерекше әсер қалдырды. Қатты қуандым. Президентіміз тікелей маған қоңырау шалып, жылы лебізін айтты. Бұл тек ғана менің жеке еңбегімнің емес, тұтас команданың ерен еңбегінің жемісі. Сондай-ақ елдің қолдауының арқасында бағындырып отырған белесіміз.
– Ұлттық құрамадағы ішкі атмосфера қалай? Бір-бірлеріңізбен қарым-қатынастарыңыз жақсы ма? Қанша уақыт дайындалдыңыздар?
– Ұлттық құрамада ішкі атмосфера өте жақсы. Барлығымыз бір отбасы ретінде бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Бұл жарысқа тыңғылықты деңгейде дайындалдық. Соңғы жарыста жіберген қателіктерімізді саралап, сараптап жұмыс істедік.
– Ендігі алдағы мақсат, жоспарыңыз қандай?
– Енді мақсат, жоспарым осымен тоқтап қалмай алдағы халықаралық ірі додаларда қазақтың көк туын көкте желбіретіп, ән ұранымызды шырқату.
– Көпшілік көбіне спортшылардың ірі жетістіктерін ғана байқайды. Бұған дейін қол жеткізген бірақ кеңінен айтылмай жүрген қандай маңызды нәтижелеріңіз бар?
– Бұған дейін Ашық Азия чемпионатында және клубтар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеттім. Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегерімін. Сондай-ақ ТМД елдері арасындағы жарыста және Жазғы спартакиадада топ жардым.
– Өзіңіз сияқты жастарға қандай кеңес бересіз?
– Жас спортшыларға айтарым – армандаңыздар. Алдарыңызға үлкен мақсат қоюдан қорықпаңыздар. Чемпион болу бір күнде немесе бір маусымда пайда бола қалатын нәрсе емес. Ол – ұзақ жылдар бойғы тынымсыз еңбек пен тәртіптің жемісінен туындайтын дүние. Сондықтан арманды нақты жоспарға айналдырыңыздар.
Екіншіден, адам ең алдымен өз-өзіне сенуі керек. Кей кездері әркімнің бойында күмән тудыратын сәттер болады. Сол кезде өз-өзіңізді жоғалтып алмай, бастаған істі соңына дейін жеткізу – нағыз чемпионға тән қасиет. Сондықтан өз-өздеріңізге сеніңіздер.
Кейде жолда ауыр жарақат, қиындықтар мен соқпағы көп кезеңдер кездесуі мүмкін. Бірақ сол кедергілерді еңсеру сіздерді шыңдай түседі.
– Әңгімеңізге рақмет!
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік