Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Онлайн құмар ойындарды жарнамалаған қазақстандық блогерлер қандай жазаға тартылады

Рулетка

Фото: pixabay.com

Қазіргі айыппұл мөлшері блогерлерді заңсыз әрекеттерден тыймай отыр. Сондықтан Қаржы мониторинг агенттігі заңсыз онлайн-казиноны жарнамалаған блогерлерге жазаны күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Енді қазақстандық блогерлердің жарнамадан тапқан табысының 400%-на дейін айыппұл салу және қомақты пайда тапқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылып отыр.

“Жыл басынан бері 37 блогердің онлайн құмар ойындарды жарнамалаған. Олардың кейбірі заң талаптарын "жүйелі түрде" елемейді. 18 блогерге қатысты материалдар уәкілетті органдарға жолданып, 4,4 миллион теңге айыппұл салынған. Үш блогерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.

Қолданыстағы заңнама бойынша заңмен тыйым салынған қызметті жарнамалау тек әкімшілік жауапкершілікке жатады. Қолданыстағы заңда айыппұл мөлшері — 60 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін, яғни биылмен санағанда шамамен 235 мың – 1,5 миллион теңгеге тең.

“Мұндай айыппұл заңсыз казино жарнамасынан түсетін пайдамен салыстырғанда өте төмен деп есептейді және ол құқықбұзушылықтың алдын алуға жеткіліксіз”, – дейді Қаржы мониторинг агенттігі. 

Агенттіктің негізгі ұсыныстары:

  1. 1. Әкімшілік кодекске жаңа бап енгізіп, заңсыз жарнама табысынан 200%-дан 400%-ға дейін айыппұл салу және табысқа тәркілеу шарасын қолдану;
  2. 2. Егер жарнама 1000 АЕК-тен (шамамен 3,9 миллион теңге) жоғары табыс әкелсе немесе азаматтарға, ұйымдарға не мемлекетке зиян келтірсе – қылмыстық жауапкершілік енгізу;
  3. 3. Егер табыс 5000 АЕК-тен (шамамен 19,6 миллион теңге) асса немесе ауыр зардаптар (өлім, суицид) болса – қатаң жаза қолдану.

Сондай-ақ жобаға қылмыстық топ болып, қайталап не қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып жасаған жағдайларды ауырлататын белгілер ретінде қосу ұсынылып отыр. 

Қаржы мониторинг агенттігі бұл түзетулерді талқылау үшін Әділет министрлігіне жолдады. Президент әкімшілігі жалпы алғанда ұсынысты қолдады. Агенттік Бас прокуратурамен, Әділет және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін құжатты пысықтап аяқтамақ.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 13 Қазан, 2025 13:50
Талқылау