Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Табысы төмен қазақстандықтарға нарықтық ипотека алуға тыйым салынады

Қазақстандағы кейбір банктер базалық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін ипотека беруді тоқтаттыФото: depositphotos.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова ипотекалық несие мөлшерлемесін бастапқы жарна көлеміне байланысты анықтау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Яғни, жинақ неғұрлым көп болса, пайыздық мөлшерлеме соғұрлым төмен болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Егер бастапқы жарна жоғары болса, LTV (loan-to-value) деген ұғым бар, яғни несие сомасының жылжымайтын мүлік құнына қатынасы деген сөз. Егер ол, мысалы, 70% деңгейінде болса, онда пайыздық мөлшерлеме төмен болуы мүмкін. Ал егер бастапқы жарна 30%-дан аз болса, онда мөлшерлеме жоғары болуы тиіс. Бұл — азаматтарды тәуекелі жоғары несиелер алуға итермелемеу үшін жасалған шара. Бұған қоса, тәуекел деңгейі жоғары қарыз алушыларды анықтау жүйесі енгізіледі", - деді Әбілқасымова.

Сонымен қатар, Қазақстанда табыс деңгейі төмен азаматтарға нарықтық ипотека рәсімдеуге тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл санаттағы азаматтар тұрғын үйді тек мемлекеттік бағдарламалар арқылы, яғни "Отбасы банк" арқылы ала алады.

"20% мөлшерлеме деңгейінде де біз нарықтық ипотека бәріне бірдей қолжетімді болмауы керек деп санаймыз. Сондықтан мөлшерлемеден бөлек, біз нарықтық ипотека алуға рұқсат етілген қарыз алушылар санатын шектеуді ұсынып отырмыз. Табысы төмен немесе ортадан төмен азаматтар ипотеканы Отбасы банк арқылы алуы тиіс. Осы мақсатта Отбасы банкке қосымша қаражат бөлінді, оның капиталы ұлғайтылды", - деді Әбілқасымова.

Еске салайық, Үкімет "Наурыз" және "Наурыз-Жұмыскер" бағдарламалары арқылы берілетін несиелер көлемі 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтатынын хабарлаған болатын. Сонымен қатар, елде "Әскери баспана" бағдарламасы қайта іске қосылатыны белгілі болды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ипотекалық және тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеме өзгеретіні хабарланды. Қазақстандықтарға бірінші несиесі мақұлданбайынша келесісін беруге тыйым салынатыны айтылды

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 15:43
Талқылау