Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Табысы 173 мың теңгеден асса – ауқатты": Еңбек министрлігі енді отбасыларды табысына қарай 6 санатқа бөлмек

Табысы 173 мың теңгеден асса – ауқатты болып есептеледі Фото: freepik.kz

Еңбек министрлігі енді отбасыларды табысына қарай алты санатқа бөліп қарастырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq ruhy басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекеттік көмек те осы санаттарға, жанұяның ауқаттылығына қарай үлестірілмек. Мәселен, жан басына шаққандағы айлық кірісі төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін отбасылар "аса мұқтаж" болып сараланады: 

- 1-деңгей (аса мұқтаж): жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін – адам басына 30 385 теңгеден аз;

- 2-деңгей (мұқтаж): 30 385 теңгеден 43 407 теңгеге дейін;

- 3-деңгей (салыстырмалы тұрақты): 43 407 теңгеден 86 814 теңгеге дейін;

- 4-деңгей (тұрақты): 86 814 теңгеден 130 221 теңгеге дейін;

- 5-деңгей (әл-ауқатты): 130 221 теңгеден 173 628 теңгеге дейін;

- 6-деңгей (жоғары әл-ауқатты): жан басына шаққанда 173 628 теңгеден жоғары.

Жаңа өзгерістердің басты мақсаты “жәрдемді нақ мұқтаж отбасыларға беру” дейді шенеуніктер. 


Жалақысы 200 мың теңге, ал несиесі екі есе көп: Сот банктерді қазақстандық көпбалалы анаға көмектесуге міндеттеді

Әлеуметтік осал топтағы қазақстандықтар үшін несие төлемдері кейінге шегерілмек


Қазір республикалық бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып жатыр. Яғни, триллиондаған теңге жәрдемақылар мен түрлі төлемдерді өтеуге кетеді. Бірақ, мемлекеттік көмек қиын хәлде қалған отбасының әлеуметтік жағдайын түзетпеген. Әртүрлі айла-тәсілдерді қолданып, жылдар бойы атаулы әлеуметтік көмек алып келгендер көбейген. 

“Белгілі болды. Көмек алып келкен адамның екі қабатты үйі бар. Оны мамандар тексерген. Үйі расында да бар екен. Екі көлігі бар. Одан кейін несие мәселесін тексергенде уақытысында бәрін төлеп отыр екен. Несиені ұзақ мерзімге тұрмыстық заттарды алуға алған екен. Енді сол кісіні сіз қалай кедейлікке жататын кісі деп есептейміз бе? Әрине, жоқ. Осындай кісілерді табу керек. Қарастыру керек”, – дейді премьер-министрдің орынбасары Ермек көшербаев. 

Еңбек министрлігінің өкілдері атаулы әлеуметтік көмек сақталатынын айтады. Алайда, жанұяда еңбекке қабілетті жан болса, алдымен жұмыс ұсынылады.

“Біздің мақсатымыз әрбір отбасыға талдау жасап, егер отбасының ішінде жұмыс жасайтын, жұмысқа жарамды адам болып жатса, оны, біріншіден, жұмысқа орналастырып, отбасыны қиын жағдайдан шығарамыз. Мақсатымыз осындай”, – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев. 

Еске салсақ, бұған дейін вице-премьер атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегі артатынын мәлімдеген еді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 22:52
Талқылау