Құрбысы қызды алып қашуды ұйымдастырған: Қазақстандық ару өзін көлікке малша күштеп тиеген сәтті ұмыта алмай жүр
Фото: Stan.kz / ChatGPT көмегімен жасалған
Шымкенттік Сәуле есімді ару Stan.kz тілшісіне жақын құрбысы тарапынан көрген сатқындық туралы айтып берді. Сәуленің сөзінше, құрбысы оны ағасына тұрмысқа беру үшін арнайы отырыс ұйымдастырып, қала сыртындағы кафеге апарған. 5,5 жылдай болған достыққа сенген ару оның айласына түсіп, алдын ала жоспарланған алып қашудың құрбаны болған. Қыз бұл оқиға өміріне қатты әсер еткенін және достыққа сенуден қалғанын айтты.
“Құрбым таңдау өзіңде” деді”
Сәуле (аты өзгертілген) оны алып қашатын күні бір ой қатты мазалағанын және құрбысы шақырған отырысқа қатысқысы келмегенін айтты.
"Такси шақырып, сол бір түкпірдегі жерге жарты сағаттай жол тарттым. Жолдың жартысында-ақ кері қайтқым келді. Бірақ қыздармен көптен бері жиналмаған соң, уәде берген соң бару керек болды. Жолда келе жатқанда әлгі құрбым хабарласып, "келесің бе? Қашан келесің? Қаншада келесің?" деп қайта-қайта сұрай берді. Құрбым бізбен келіспестен, қаланың Асар шағын ауданындағы бір кафеден караоке брондап қойған. Бұл шынымен де жердің бір жері еді. "Неліктен дәл сол жер?" деген сұрағымызға "Онда депозит жоқ, арзандау шығады" деп жауап берді. Біз сендік те, келісімімізді бердік. Бұл басыма бұлт үйірілген күн болды… Құрбым жиі кабинадан шығып, біреумен жазысумен болды. "Сірә, жігітімен сөйлесіп жатқан болар" деп, аса мән берген жоқпын. Кештің соңында такси шақырмақ болып тұрғанымда, құрбым мені тоқтатып, "Ағам өзінің досын жіберді. Сені пәтеріңе дейін шығарып салайық, таксиге ақша құртпай-ақ қой" деді. "Ақшам үнемделеді екен" деп ойлап, келістім", – деп түсіндірді Сәуле.
Сәулемен бірге бәрі мейрахманадан шығып, көлікке қарай беттеген. Алайда басқа құрбылары сәл артта қалып қойған. Сол кезде Сәулені кенеттен бір жігіт келіп, итеріп, күшпен көлікке отырғызған.
"Не болып жатқанын түсініп үлгермей, екі жігіттің ортасында отырмын, ал алда тағы екеуі бар. Көлік бірден жүріп кетті. Айналып қарасам, сол құрбымның ағасы жанымда отыр. Мені алып қашып бара жатыр деген сезім болды. Басында бұл пранк шығар деп ойлап, жымиып отырдым. "Не болып жатыр өзі" деп сұрадым. Олар "сені алып қашып жатырмыз" деді. Шындықты қабылдай алмай, күле бердім. "Жігіттер, болды енді, "пранктың" да шегі бар. Үйіме апарыңдар" дедім. Олар күліп отыр. Бірақ жағдайдың шын екенін бес көлік артынан қуа жөнеліп, бәрі телефонға түсіріп, бипылдатып жатқанда ғана түсіндім. Сол сәтте мендегі бар сыпайылық жоғалып, бәрін боқтап, айғайлай бастадым. Бірақ олар бәрібір күлуін тоқтатпады", – деді Сәуле.
Сәуле осы сәтте бұл айғаймен ешнәрсе шешілмейтінін, құрбысының ағасына қарап, жалынып "тоқташы, сөйлесейік, тым кеш болмай тұрғанда" деп өтінген. Алайда жігіт қызға "үйге барғанда сөйлесеміз" деп салқынқанды жауап берген.
"Содан құрбыма қоңырау шалдым. Ал ол не деді дейсің? Кешірім де сұрамады, түсіндіруге де тырыспады. Тек "Таңдау өзіңде" деді. Қандай таңдау? Таңдау деген болмады ғой! Мені мал сияқты күштеп көлікке тығып алып кеттіңдер! Сол сәтте біз ауылға жетіп үлгердік. Кімге хабарласарымды, не істерімді білмей қалдым. Сосын әпкеме қоңырау шалуға бел будым. Құдайға шүкір, бірінші қоңыраудан кейін бірден көтерді! Әпкем алғашында мені қалжыңдап тұр деп ойлады. Алайда мен қатты ашуланып тұрғанымды естіп, "Мекенжай қайда?" деп сұрады", – деді Сәуле.
“Анам "Қызым қарсы болмаса, мен де қарсы емеспін" деп жауап берген”
Көліктегілер үйдің алдына жеткенде, қыз әпкесі мен жездесін көріп қалады. Осы сәттен бастап қыз бен оның жақындарын жігіттің туыстары қорқытып, жалбарынып, манипуляция жасай бастаған.
“Сөзбен "ұят болады, сен бұл үйдің табалдырығанан өттің, енді шықсаң, бақытсыз боласың, жалғыз қаласың" деп қысым жасады. Жездемді ер адамдар қоршап, оны да көндіруге тырысты, мені осында қалдыруын сұрады. Әпкем әйелдермен сөзге келіп жатты. Сол отбасының ең үлкен әжесі "Шығам десең, ақ орамалдың үстінен атта" деді. Аттамақ болдым, бірақ әпкем мені тоқтатып, өзі аттап өтті. Әлгі әже ашуланып, сол ақ орамалмен бізді бетімізден ұра бастады. Кейін оның достары да мені жұдырықпен қорқытты. "Ол сені жақсы көреді ғой, сол үшін осылай істеп жатыр!" деп ақтауға тырысты. Ал өзі нағыз ер азамат болмаған адам шетте үнсіз тұрып, бәрін бақылап тұрды”, – деді Сәуле.
Фото: Stan.kz / ChatGPT көмегімен жасалған / Әпкесі мен жездесінің келген сәті
Сәуленің айтуынша, жігіт екеуінің арасында ұрыс шығып, тіпті төбелесуге шақ қалған. Кейін оған "Онымен оңаша сөйлесіп, мәселені өздерің шешіңдер" деп үлкендер өтініш жасаған. Алайда Сәуле үзілді-кесілді бас тартқан.
"Егер мен сол жерде қалсам, бұл жағдай әрі қарай да жалғаса беретінін, менің ұстанымдарыма түкіретіндерін, мені жеке тұлға ретінде ешқашан құрметтемейтіндерін түсіндім. Ол кезде әйел емес, бәріне "қарыз келінге" айналар едім. Бұл өзімді сатумен тең болар еді. Осы сәтте бір ер адам (оны еркек деу де қиын) маған жақындап келіп "Қайда барасың, бәрібір, анаңмен келісіп қойдық қой" деді. Сол сәтте ішімде бәріне, әсіресе, анама, әпкеме де, жездеме де сенімсіздік оянды. Мені тірідей алып кетпесе, денемді алып кетеді деп ойлай бастадым. Содан әпкеме қатты сөздер айтып, қорқыттым. Әпкем бірден анама хабарласып, шынымен солай ма, соны тексерді. Анам бәрін жоққа шығарды. Сөйтсе, әлгі "ағай" бірнеше рет анамның жұмысына келіп, мені өзінің жиенімен сөйлестіргісі келген екен. Анам "Қызым қарсы болмаса, мен де қарсы емеспін" деп жауап беріпті. Олар анам рұқсатын берді деп ойлап, мені алып қашуға, көндіруге болады деп шешкен. Мен болсам, бұл хайуандыққа ешқашан келіспес едім", – деді Сәуле.
Оқиға қыс мезгілінде болып, сол күні қабаттасып жаңбыр да жауып тұрған дейді қыз. Қыздың сөзінше, оларды сыртқа шығармай қойған. Сәуленің жездесі өзі шешуге тырысқанымен, ақыр соңында қыздың әкесін шақыруға тырысқан.
"Әкем қысқа ғана "Қызым 15 минутта үйде болмаса, адам ұрлау бойынша арыз жазып, полиция жіберемін" нақты айтты. Содан кейін ғана бізді жіберді. Сол сәтте қуаныштан жылап жібердім. Қалдырып кетеді деген ойлардан ұялдым. Әкеміздің өңірде абыройы бар, көп адам оны таниды. Үйге қайтып бара жатырмыз. Кейінірек әлгі жігіттің әкесі бізді қуып жетіп, сөйлескісі келді. Қызық отбасы екен. Алдымен істейді, сосын ойланады. Ал біздің әкем көп сөйлемейтін адам. Оны жай ғана сыпайы түрде қуып жіберді. Міне, осылай болды бәрі", – деді Сәуле.
Дегенмен Сәуле жігіттің үстінен арыз жазбағанын, себебі оған өзінің анасы қарсы болғанын айтты. Осы үшін де қыз анасына ұзақ уақыт бойы ренжіп жүрген екен.
“Қателігім – сол кезде аяушылық жасағаным”
"Анам жігітті "үйдің жалғыз баласы, анасы жоқ, ертең сот болса өмір бойына ілінеді. Жұмысқа да тұра алмайды. Ақымақтық жасаған ғой, ақыл айтар анасы болмады. Кешіре сал. Ертең кек қайтарып жүрсе тағы" деп көндірді. Анамның айтқанынан асып түсе алмаймын. Құлақ астым. Тәрбие сондай. Алайда арыз жазбағаныма өкінемін. Әлі күнге дейін ішімде ренішім бар. Бірақ ең алдымен құрбыма ренжимін. Жігітке түкіргенім бар. Кешірімді де ешкім сұраған жоқ, не құрбым, не оның ағасы сұрамады. Бірақ кінәлі болып мен қалдым. "Қала берсең де болар еді, осыншама шу көтерудің қажеті жоқ еді" деген сияқты сөздер айтылды. Маған бәрі ренжіді. Осы оқиғадан кейін адамдарға сенуден қалдым", – деді Сәуле.
Бұл оқиғадан кейін Сәулеге құрбысы хабарласып, бәрі жақсы аяқталады деп ойлағанын айтқан. Қыз құрбысын ақтап алғысы келгенімен, оған деген көңілі суып кеткен. Сәуле мен құрбысының достығы 10 сыныптан бастап 4-курсқа дейін жалғасыпты. Құрбысының ағасы алғаш рет оған 7-сыныптан бастап көңіл білдіре бастаған.
"7-8 сыныптарда жазып жүрді, бірақ оқуын бітірген соң жоғалып кетті. Кейін 10-сыныпта қарындасымен қалай таныстым солай басталды. Бірақ сезім білдіріп жазбайтын, тек жағдай сұрап тұратын. 3-курс оқып жүргенімде құрбым анасынан айырылып қалды. Барынша қасында болуға тырысып, қолдау білдіріп жүрдім. Бейсенбілік, қырқы, жылы дегендерден қалмай, бар көмегімді беріп жүрдім. Сол кезде жеңгелері “сені алып қаламыз-ау” деп әзілдейтін. Ағасы да қайта жаза бастады. Қателігім сол кезде аяушылық жасағаным еді. Жаным ашығанынан жауап беріп, қолдау білдірдім. Ол оны басқаша түсінсе керек. Қайта көңілін білдіре бастады. Бетін қайтардым. Бірақ жиі кездесіп қалатынбыз. Кейін тек құрбымның ағасы ретінде араласып жүрдік. Артық әңгімесін қойғандай болды", – деді Сәуле.
Сәуленің сөзінше, қыз жігітке араласуға мүмкіндік бергенімен, бір әңгімеден кейін шошып қалған. Жігіт түнгі клубтарға, жеңіл жүрісті қыздарға баратынын ашық айтып, "үйрен" дегені қызды ойынан айныттырған. Сол сәттен бастап Сәуле жігітпен барлық байланысты үзген. Алайда арада бірнеше ай өткен соң, осы алып қашу оқиғасы болған. Келесі күні жігіт гүл мен шоколад алып кешірім сұрауға келгенімен, қыздың отбасы есік ашпай қойған. Қыздың айтуынша, осы күннен кейін жігіт мүлде көзге көрінбей кеткен, тек әлеуметтік желіден бақылап жүреді екен.
Фото: Stan.kz / ChatGPT көмегімен жасалған / Қыздың құрбысына ренжіп тұрған сәті
“Қазір танысқанда бірден “Мені алып қашқан” деп айтамын”
“Мұндай жігітпен бәрібір тұра алмас едім. Бүкіл туысынан “ұлдарыңыз жеңіл жүрісті қыздарға барады. Қалай мұнымен отбасы құрамын?” деп сұрағанымда олардың жауабы мені таңғалдырды. “Ол енді ер азамат қой” деп жауап берді. Сол кезде-ақ бұл отбасының түп-тамырымен дұрыс емес екеніне түбегейлі көзім жетті. Бұл оқиға кез келген қызбен болуы мүмкін. Ешкім кепілдік бере алмайды. Сол үшін қандай қысым көрсетсе де, қалмағаным көп қыздарға сабақ болады деп ойлаймын. Ұят демей, жұрт не дейді демей өздерін бағаласа екен деймін. Біздің өміріміз жалғыз. Таңдау құқықымыз бар еркін тұлғамыз”, – деді Сәуле.
Сәуленің айтуынша, алып қашуға жігіттің полицияда істейтін таныстары да қатысқан. Қай бөлімшеге жүгінсе де, арызы бірден қабылданбайды, аудандар мен ауылдарға жеткенше кеш болады деп ойлаған.
“Қазір кейбір жігіттермен әңгімені бірден қысқа қайырамын. Бірден “Мені алып қашқан” деп айтамын. Егер олардың алғашқы сұрағы "Табалдырықтан аттадың ба?” десе, сөйлесуді бірден доғарамын. Өткен ғасырда қалып қойған адамдарға бірдеңе түсіндіріп, дәлелдеудің еш мәні жоқ. Жауапкершілік сезімінсіз өмір сүріп жатқан барлық адамға, сондай-ақ маған осы қорқынышты түнді жасатқан жігіттерге тілегім бар. Менің бастан кешкенімнің бір бөлігін болса да бастан өткерсеңдер. Жігіттерді, бәлкім, ешкім алып қашпайды, бірақ олардың әпкелері бар, ал алдағы уақытта қыздары болады. Сол қыздар да менің орнымда бола қалса, құқықтары мен сезімдері ескерілмеген кезде қандай ауыр екенін түсінсін. Бұл – қарғыс емес, тек моральдық тілек”, – деп Сәуле ағынан жарылды.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
