Түсіпбаева: Басқа маман иесі болсам, күйеуіммен ажыраспас едім
Әнші Меруерт Түсіпбаева жастар арасында ажырасудың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол жастарды үйленбес бұрын “жеті рет өлшеп, бір рет кесуге” шақырды. Сондай-ақ, не себепті күйеуімен ажырасып кеткенін айтты.
Бұл туралы Hit-TV арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Әншінің айтуынша, ажырасу екінің бірінде кездеседі.
“Өзімнің таныстарымның арасында да көп. Тойға барамыз ғой. 1-2 жылдан кейін: “Ана біздің баламыз ажырасып кетті, тағы тойға кел”, – деп шақырады. Әрине, бізге тойға барған жақсы, ақша табамыз. Бірақ сонда да Құдай сақтасын, ақшаны олай таппай-ақ қояйық. Бір тойда екі жар жоқ дейді. Сол үшін мен өзім жастардың ажырасуына қарсымын”, – дейді ол.
Әнші отбасы мен бауырлары арасында тек өзінің ажырасқанын айтады. Десе де кезінде отбасын сақтап қалуға тырысқанын жасырмайды.
“Мұғалім, есепші болсам, мен ажыраспас едім. Өнер адамы болғандықтан, сол кезде гастрөлдік сапарым көп болғандықтан, жолдасым қатты қызғанды. Бірақ мен отбасымды сақтап қалуға тырыстым. Жағдай тіпті қиындап кеткеннен кейін ажырасуға мәжбүр болдым. Күйеуіммен 8 жыл тұрдым. Бірақ “үйлену оңай, үй болу қиын”. Сондықтан жастарға үйленбес бұрын көп ойланыңдар деймін. Біреудің тағдырын бұзғанша, ертең әкесіз бала өскенше, үйленбей-ақ қойыңдар”, – дейді Түсіпбаева.
Әншінің айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасуына бір ғана адам кінәлі бола алмайды.
“Ажырасуда бір ғана адам кінәлі деп ешқашан айтуға болмайды. Бәрібір де жаныңдағы адамның кінәсі болады. “Жоқ, мен әппақ, таза, пәк едім. Күйеуім сөйтіп қалды, әйелім дұрыс болмады” дегенге сенбеймін. Әр уақытта екі адам кінәлі”.