"Сұмдық иісті иіскеуге мәжбүрміз": Алматылық тұрғын Сайран көлінің реконструкциядан кейінгі жағдайын сынады
Фото: Желі кадрларынан скрин
Желіде алматылық тұрғын Сайран көлінің суы тартылғаннан кейінгі жағдайын сынады. Айтуынша, жаңарту жұмыстары жүргізілсе де қазір су кеткеннен кейін жағымсыз иіс айналаны алып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғын көлдің видеосын желіге жариялады.
"Сонымен, ақыры Сайранның суын жіберді. Енді не болды? Мына көгалданып кеткен жерді қараңыздар. Біз серуендеп жүргенде “неге батпақтың иісі шығып тұр?” деп ойладым. Міне, себебі мына жерді бөгеу арқылы осылай жасаған. Жөнді істемеген. Мына бөлігі – жай ғана қалдық су. Тіпті жаздың өзінде сасып тұратын. Міне, реконструкцияны осылай жасайды. Жұмысшыларды хабарландыру арқылы жинап, сапасыз істесе, біз мынадай сұмдық иісті әрқашан иіскеуге мәжбүр боламыз", – деді ол.
Өзге тұрғындар көлдің айналасынан жағымсыз иіс шығып жатқанын растады.
"Кеше Абай көшесінің бойымен өтіп бара жатып, жағымсыз иістің себебін түсіне алмадық. Сөйтсек, міне, мәселе осында екен ғой”, “Сайран жөндеуден кейін нағыз батпаққа айналды. Мынау заманауи реконструкция деген осы”, “Мәселе жұмысшыларда емес, жобаның өзінде.Олар жерде су қалай сіңетіні (инфильтрация) қалай жүретінін ойластырмаған”, “Ал оған қанша ақша құйылды десеңізші”, – деп жазды жұртшылық.
-
“Кәріз иісі шығып жатыр”: Алматылықтар Тереңқұрдағы ағын суға канализация төгілді деп күдіктенді
-
Алматы тұрғындары тұмша салдарынан ЖРВИ мен тұмауды ауыр өткеруі мүмкін – Санитар дәрігер
Stan.kz тілішісі оқиғаға байланысты Алматы әкімдігінен пікір сұрады. Әкімдікке қарасты Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бұл иістің уақытша екенін жеткізді.
"Сайран су қоймасының іргелес аумағын абаттандыру" жобасына сәйкес, көлдің түбін топырақпен толтыру қарастырылмаған және ондай жұмыс жүргізілмеген. Сайрандағы судың деңгейінің төмендеуі – қыс маусымына дайындық ретінде жоспарлы және уақытша шара.
Сондай-ақ, биыл Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы "Үлкен Алматы" өзенінің арнасындағы каскадтарды қайта жөндеу жұмыстарын бастады. Сол себепті жөндеу кезінде судың бағытын уақытша резервтік каналға ауыстыру қажет болды. Қазіргі таңда су Сайран көліне каскадтардағы табиғи сүзгіден өтпей, тікелей құбыр арқылы келіп жатыр. Осыған байланысты табиғи қоспалар, соның ішінде лайдың органикалық шөгінділері су қоймасының жоғары бөлігінде уақытша тұнып қалуда. Бұл – өзен арнасындағы жөндеу жұмыстарына ғана байланысты құбылыс. Жөндеу аяқталғаннан кейін су бұрынғы арнасына қайта жіберіліп, Сайрандағы шөгінділердің табиғи тепе-теңдігі қайта қалпына келеді. Қажет болған жағдайда қосымша жергілікті аумақтарды тазарту жұмыстары да жүргізіледі”, – деп жауап берді ведомство.
Ата-анамызды асырауға міндеттіміз бе? Бұл сұрақ қазақстандықтардың пікірін екіге бөлді