Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сұлулықтан бөлек, білімін де бағалаймыз": "Қазақстан аруы" жобасының президенті байқаудың жаңа шарттарын түсіндірді

Желіде биыл "Қазақстан аруы” байқауының шарттары түбегейлі өзгергені туралы ақпарат тараған болатын. Осы орайда жобаның жетекшісі Айдай Исаева алда өткізілейін деп жатқан сұлулық байқауына қатысатын бойжеткендерге қойылатын жаңа талаптар жайлы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде сұлулық байқауының финалына Орал, Талдықорған, Петропавл, Ақтау, Өскемен, Тараз және Қызылорда өңірлерінен таңдалған арулар өтпегені жайлы ақпарат тараған. Петропавлдың аймақтық директоры Нұрлан Баукенов байқауға іріктелген арулардың бұрын бірден финалға жолдама алатынын айтып, осы жолы жартылай финалдың іріктеу кезеңі болғанына таңданысын жеткізді. Оның пікірінше, бір емес, бірден 7 өңірде топ жарған бұрымдылардың әрі қарай жобаға өтпеу орынды шешім емес. 

Өз кезегінде "Қазақстан Аруы" Ұлттық сұлулық байқауының президенті Айдай Исаева әлемдік стандарттарға байланысты байқау талаптары қатаңдатылғанын жеткізді. Бұған қоса, ол арулардың не үшін іріктеуден өтпегенін түсіндіріп кетті.

“Биыл “Қазақстан аруы” байқауы 26-рет өткізілмекші. Бірақ осы жылдан бастап көп жаңартулар енгізілді. Талапта арудың бойы, сырт келбетінен бөлек, оның ойы мен алғырлығы, білімі болуы шарт. 7 аймақтан таңдалған жеңімпаздар финалға өтпеді. Басты себеп – талапқа сай емес. Біздегі басты шарт қатысушы бұрымдылар 17 жастан 25 жасқа дейін, тұрмысқа шықпаған, ажыраспаған, баласы жоқ болуы керек. Алайда аталған өңірлердің бірі 16 жастағы бойжеткенді ұсынды. Оны қабылдауға біздің заңды түрде құқымыз жоқ және байқау ұстанымдарына сай келмегендерді қабылдауға міндетті емеспіз”, – деді Айдай Исаева.

Байқау президенті дегенмен бұл аймақтардың сайыстан шеттетілмегенін және осы 7 өңірден лайықты деген өзге арулар әлі де іріктеліп, бақ сынайтынын тілге тиек етті.

“Бойжеткендерді кастингте іріктеудеміз. Маусым айынан бері бізге 20 мыңнан аса өтініш келіп түсті. Соның ішінен 25 қатысушы таңдалып, сайысқа түседі”, – деп қосты Айдай Исаева.

Сонымен қатар ол әр өңірге байқауға қатысуға лицензия берілетінін алға тартты. Сөзінше, өңірлер кастингті жоғары деңгейде өткізіп, аймақтағы әр бойжеткенге байқау туралы ақпаратты кеңінен таратуы керек. Сонда нағыз бәсекеге түсе алатын арулар топ жарады.

“Қазақстан аруы” жобасы – біздің ұлтымызды әлем алдында паш ететін бет-бейнеміз. Сондықтан арудың сұлулығынан бөлек, жан дүниесі мен рухани байлығы барша қазақтың айнасындай болуы қажет. Ал әлемдік деңгейге шығу оңай емес. Сол үшін де талапты қатаңдатып, жұмысты күшейттік”, – деді сұлулық байқауының президенті. 

Айдай Исаева сөз соңында өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмай, байқау беделіне нұқсан келтіргені үшін Петропавлдағы аймақтық директор Нұрлан Баукеновпен  серіктестік үзілгенін мәлімдеді.

Талқылау