Суперкомпьютер кластері, перзентхана және әуежай: Қазақстан мен БАӘ арасында бірнеше келісімге қол қойылды
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабидіңтақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен Астанада келіссөздерге қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды.
Президенттің айтуынша, БАӘ – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді дейді.
2023 жылы екі ел үкіметтері стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. Былтыр БАӘ-ның елімізге құйған инвестиция көлемі екі есе артып, рекордтық көрсеткішке жетті.
Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард доллар 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптады.
Фото: Ақорда
Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтитынына тоқталды. Тақ мұрагерінің айтуынша, қол қойылатын келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның екіжақты құжаттар алмасу рәсімі өтті:
1. Көлік министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автокөлік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
2.Әділет министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
3. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ мен Masdar компаниясы арасында Қазақстан Республикасында 2 мың МВт-қа дейін қуат сақтау жүйесі және 500 МВт-қа дейін тәуліктік энергиямен қамту жобаларын әзірлеу бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
4. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ мен AIQ арасында Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
5. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ мен Abu Dhabi Commercial Bank арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
6. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight компаниясы арасында Қазақстан Республикасында суперкомпьютер кластерін құру жөніндегі келісім;
7. "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ мен Abu Dhabi Ports Group арасындағы сауда флотын кеңейту бойынша ынтымақтастықты дамытуға қатысты хаттама;
8. "QazaqGaz" ҰК" АҚ мен AIQ арасында мұнай-газ саласын цифрландыру бағытындағы ықпалдастық мәселелері бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім;
9. Түркістан облысы әкімдігі мен Абу Даби даму қоры арасында Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы перзентхана құрылысын салу және қаржыландыруға қатысты өзара түсіністік туралы меморандум;
10. Көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited арасында Астана қаласының Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен оған іргелес аумақты дамытуға инвестиция салу туралы келісім;
Құжат алмасу рәсімінде Қазақстан үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері үкіметі арасында жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімнің ратификацияланғаны туралы хабарланды.

"Әйелдерді ылғи ұрысқақ, долы, толық етіп көрсетеді": Қоғам белсенділері қазақ киносындағы әйелдің образы неге өзгермейтінін талқылады
