"Суық бөлмеге қамап, аш қалдырған": Астанада ұлынан айырылып, жалғыз қалған кейуананың үйін көршісі өз атына жазып алған (видео)
Фото: Видеодан скрин
Елордаада ұлынан айырылып, жалғыз қалған 85 жастағы қарияның үйін көршісі өз атына жазып алған. Осылайша кейуананы бір бөлмеге қамап, аш қалдырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
85 жастағы әже Елена Гамезаның мүшкіл хәлін көршісі Мадина Зұбайраева байқап, дабыл қақты.
Мәдина Зұбайраеваның айтуынша, бірнеше жыл бұрын көз жанарынан айырылған қария жуырда ұлын жоғалтып, жалғыз қалған. Ал оған күтім жасауды өзге көршілері мойнына алған. Алайда олар кейуананың үйін өз атына аудартып алған соң, оны тамақсыз қалдырып, суық үйге қамап қойған.
“Біздің үй әженің үйіне қиғаш орналасқан. Бәрін көріп отырамыз. Елена әжеге қаруды мойнына алған Инна оны өз үйімізге алып келдік деп айтқан еді. Бірақ түнде кейуананың үйінде шам жанып тұрғанын, десе де мұржада түтін жоқ екенін байқадық. Демек, ол суық үйде түнеп жүрген. Кеше ауласына кіріп, терезені біреу ұрғылап жатқанын естідім. Әжей қамалып қалған. Учаскелік полицияны шақырдым, есікті бұзуға тура келді. Әженің қарны аш болды. Оның “мені алып кетіңдер” деп жылап айтқан аудиожазбасы да бар. Тіпті буындыратынын айтты”, – дейді Мәдина.
Мәдина Зұбайраеваның айтуынша, кейуана айналада не болып жатқанын түсінбейді. Үнемі жылап, өзін керексіз сезінеді екен. Өзін тыныштандыру үшін қолын ұстаған әр адамға бала сияқты еркелеп, құшақтайды екен.
Ал әжеге күтім жасауды мойнына алған Инна Мадина Зұбайраеваға қарсы уәж айтты.
“Елена әженің ұлы Сергей қайтыс болғаннан бері Мәдинаны бұл маңнан бір рет те көрмедік. Қалаған адам келіп, әжеге көмектесе алар еді. Иә, үйде ешкім жоқ кезде оны сыртынан жауып кетеміз. Себебі ол өз әрекетіне жауап бере алмайды. Бірақ ол негізінен біздің үйде тұрады. Үйін менің азаматтық некедегі жұбайым мен тағы бір көршінің атына өзі аударған. Енді желіде мені қаралап жатыр. Балаларымнан мектепте “анаң кейуананың үйін алу үшін оны өлтіргісі келе ме” деп сұрапты. Мұны жай қалдырмаймын, полицияға арыз жазамын, сотқа беремін”, – дейді Инна.
Оның айтуынша, ұлы қайтыс болған кезде Елена Кирилловна ауыр деменция жағдайында болған. Үйдің іші қирап, тіпті әжейдің жанында қаңғыбас иттер өріп жүріпті. Қазір үй салыстырмалы түрде ретке келтірілді дейді.
“Байқоңыр” ауданының отбасыға әлеуметтік қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ербол Қазыбеков кейуана қарттар үйіне көшірілетінін айтты.
“Биыл 11 шілдеде ол кісіге қатысты шақырту түскен. Полиция өкілімен бірге үйді қарап шықтық. Алайда ешкімді таппадық. Кейін оның Иннаның үйінде жатқанын білдік. Бізді көріп қорқып, алып кетеді деп ойлады. Иннаның қолынан ұстап, “маған ештеңе керек емес, көршіме қызымдай сенемін” деді. Қазір ешқандай мәселе жоқ. Әжені толық тексеру үшін ауруханаға апарып, кейін қарттар үйіне орналастырамыз. Себебі оның заңды өкілі жоқ”, – дейді Ербол Қазыбеков.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді. Әкімдік мәліметінше, қазір қария медициналық тексеруден өтіп жатыр.
“Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 1940 жылы туған азамат Гамеза Еленаның жағдайы бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. “E-Sobes” ААЖ деректеріне сәйкес, ол тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген. Бұрын әлеуметтік көмек алуға өтініш бермеген. Қазір зейнеткер әлеуметтік қызметкердің бақылауында. Қалалық психикалық денсаулық орталығында консультациядан өтті. Медициналық тексеру толық аяқталған соң және қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда Е.К. Гамеза "Шарапат" орталығының стационарында арнайы әлеуметтік қызметтер алуға жіберіледі”, – делінген хабарламада.
"Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балаларға өте қауіпті": "Гонконг" тұмауын кәдімгі тұмаудан қалай ажыратуға болады