Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында жаңа су кодексі қабылданған соң туристер ақылы жағажайға тегін кірмек болған

Ақмола облысы ақылы жағажайға кірмек болғанФото: Видеодан скрин

Ақмола облысының Зеренді демалыс аумағында 40-қа жуық адам ақылы демалыс аймағына тегін кіруді талап етіп, кәсіпкерлерге қоқан-лоқы көрсеткен. Мұндай жанжал Су ресурстары және ирригация министрлігі бекіткен жаңа Су пайдалану ережелерінен кейін туындай бастаған. Себебі онда әр азаматтың су айдынына еркін қол жеткізе алатыны айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Кәсіпкерлер тұрғындардың жаңа заң нормаларын дұрыс түсінбей жүргенін алға тартты. 

"Олар келіп, айқайлап, боқтап, қоқан-лоқы көрсетті. Бізден кейін 3 шақырымдық тегін жағажай бар. Соған кіре беріңіздер десек, тек ақылы аймаққа ғана барғысы келетіндерін айтты. Қазақстандағы барлық көлдерде тегін жағажайлар бар. Тіпті Бурабайда да. Бірақ осындай агрессивті топтар әдейі ақылы аймаққа кіреді. Бұл енді PR үшін істеліп жатқан нәрсе сияқты", – деді кәсіпкер Баян Сковородникова. 

Су кодексінде "Егер ол қорғалатын аймақ болмаса, әр азамат су айдынына еркін қол жеткізе алады" деп жазылған. Алайда қорғау посттарын немесе қоршаулар қоюға тыйым салынған.

Көптеген кәсіпкерлер жағажайларды ерекше қорғалатын табиғи аумақтан жалға алған. Бұл – ұлттық парктер. Ондай жағдайда әрбір келуші үшін төлем жасауға міндеттеледі.

"Су кодексінің 17-бабымен қатар 80-бап та бар. Ол ұлттық парктер аумағындағы жағажайлар туралы және олар “ерекше қорғалатын табиғи аймақтар туралы заңмен реттеледі" деп көрсетілген”, – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерканат Мұсылманбек.

Кәсіпкерлер тек төлем ғана емес, жағажайды тазарту мен абаттандыруға да қаржы құятынын жеткізді.



"Мысалы, Зерендінің өзінде жүздеген адам заңсыз кіреді. Ал кәсіпкер бұл аумақты жыл сайын абаттандырып, жағажай түбін тазалап, жағалауды қалпына келтіреді", – деді “Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Венера Нұғманова.

Кәсіпкерлердің пікірінше, жаңа ережелерге түсіндіру мен нақтылау қажет. Бұл пікірді тұтынушылар құқығын қорғау департаменті де қолдайды.

"Егер жағажайға өз бетінше кірген адамға бірдеңе болса, кім жауапты болады? Сондықтан ішкі ережелерді жасау қажет", – деп қосты Ақмола облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин.

Қазіргі уақытта бизнес иелеріне жағажай алдындағы аумаққа ақпараттық стендтер орнатып, азамат не үшін төлем жасайтынын нақты көрсету ұсынылды. Бұл кіру үшін емес, тазаланған жағажай аумағын, санитарлық тораптар мен жатын орындарды пайдаланғаны үшін төленетін ақы болмақ.

STAN.KZ
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 14:03
Талқылау
`