"Судья аффект әсерін қайдан көрді": Жохар Өтебеков бұрынғы күйеуі 18 рет пышақтап өлтірген әйелдің ісіне қатысты сотқа қарсы шағым түсірді
Танымал қазақстандық адвокат Жохар Өтебеков алматылық заңгер Айман Асанованың өліміне қатысты ақпарат жариялады. Қорғаушының желіге салған бейнежазбасынан марқұмның бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаевтың оған пышақ жарақатын салған сәтін көруге болады. Өтебеков бұл іске қатысты сотқа қарсы апелляциялық шағым түсірген. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өтебековтің сөзінше, Нұртаев Айманды Алматыдағы үйінде 4 сағат бойы күтіп отырған. Ол бұрынғы әйеліне 18 рет пышақ жарақатын салған. Көршілерін көріп, шегініп қалған. Кейін әйелдің қозғалып жатқанын көріп, қайта келеді де, арам ойын соңына дейін жеткізеді.
Адвокат соттың Нұртаевты бар болғаны 1 жарым жылға соттағанына таңданады.
“Шынында бұл 9 ай! Тергеу изоляторында өткен күн 2 күн деп есептеледі. Демек Нұртаев көзді ашып жұмғанша бостандыққа шығады. Шамасы, Жаңа Қазақстан осы болса керек”, – деп жазады ол.
Өтебеков Нұртаевтың әйелін аңдып жүріп, шабуыл жасап, қайта келіп, ойға алған ісін соңына дейін жеткізгенін; куәгерлерді қорқытып, қолындағы пышақпен қашып кеткенін; бұрынғы әйеліне барып, қан іздерін жуып, досына хабарласып, екеуі бірге ауруханаға барғанын айтады. Және мұның барлығын судья білген.
“Бұл – кісі өлтірушінің қасақана, мақсатты әрекеттері! Судья бұл жерден аффект әсерін қайдан көрді?” – деп таңданады адвокат.
Айта кетейік, бүгін 27 маусымда Алматы қалалық соты Өтебековтің осы іске қатысты шағымын қарайды.
“Біз бүгін Айманды өлтірген азаматпен күресті өзіміз жүргіземіз – мен және оның отбасы. Алматы прокуратурасы бізді сатып кетті. Алмалы ауданының прокуроры Ертаев (Бауыржан Ертаев – ред.) судья Майшиновтың (Еркін Майшинов – ред.) үкіміне шағымданудан бас тартты. Жан түршігерлік кісі өлімі үшін 1 жарым жыл ғана тағайындалған. Алматы қаласы прокурорының орынбасары Ибраймолдаев (Назарбай Ибраймолдаев – ред.) та апелляциялық шағым түсірген жоқ. Екеуімен көзбе-көз жолықтық. Олар Айманның туыстарының қайғысын көрді. Бірақ көздерінен аяушылық көре алмадық. Алматы қаласының прокуроры Жүйріктаев (Берік Жүйріктаев – ред.) бізді қабылдамады да! Ол менің хатыма да жауап бермеді. Алматы прокуратурасы кісі өлтірушіге жеңіл жаза тағайындады. Оларда ар-намыс деген бар ма?”, – дейді Жохар Өтебеков.
Еске салайық, Алматылық заңгер Айман Асанованың жантүршігерлік өлімі халықты дүрліктірген еді. Бұған дейін сотта мүлікке талас барысында дау туып, марқұмның бұрынғы күйеуінің намысына тигені айтылған.
Сот үкімімен Айман Асанованы Талғат Нұртаевтың өлтіру фактісі толық дәлелденді. Судья Нұртаевтың кінәсін ішінара мойындауын және кішкентай балалардың болуын ескеріп, жазасын жеңілдеткен.