Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Суды үнемдеп пайдалансын": Ерболат Досаев коммуналдық қызмет бағасының шарықтап кетуін түсіндірді

Алматы әкімі Ерболат Досаев суық су тарифінің не себепті үш есе көтеріліп кеткенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ru.freepik.com

Ерболат Досаев алматылықтармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Жетісу ауданы, Қожамияров көшесінің тұрғыны 90 мың теңге зейнетақы алатынын және қаңтар айында су тарифіне үш есе ақша төлегенін айтты. Зейнеткер бұған дейін 2600 теңге төлеп жүрсе, қаңтарда 9000 теңгеге төлемақы келген.

Бірақ қала әкімі тариф бағасының айтарлықтай өспегенін айтады.

“Тұтыну көлеміне қарай саралап, бір адамға орташа есеппен қанша қажет екенін есептедік. Суды тұтыну стандарттарын өзгерттік, осыған байланысты өзгерістер болды. Алматылықтар суды үнемдеп пайдаланғанын қалаймыз. Бұл мәселе әлі де өзекті. Сондықтан адамдар суды үнемдеп, өз қажетіне қарай, біз белгілеген нормаларға сәйкес пайдаланғаны дұрыс. Мұнда ешқандай шектеу жоқ. Су – басты байлығымыз... Біз қосымша мүмкіндіктер ретінде су кен орындарын іздеп жатырмыз”, – деді Ерболат Досаев.



Әкім қалада су қоры жеткілікті дейді. Десе де оны үнемдеп пайдалануға шақырады. Айтуынша, халықтың аз қамтылған топтарына өтемақы қарастырылған және зейнеткер қалалық жұмыспен қамту бөліміне қолдау көрсету үшін хабарласа алады.

Бұған дейін алматылықтар қаңтар айында коммуналдық қызметтің бағасы шарықтап кетті деп шулаған еді. 

 

Талқылау