Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Степногорск қаласында құны 12 млрд теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды

Фото: "АК Алтыналмас" АҚ баспасөз қызметі

Ақмола облысының Степногорск қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасын қалау салтанатты рәсімі өтті. Жаңа орталықты "Алтыналмас" алтын өндіру компаниясы акционерлер тобының бастамасымен және директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Жұманбаевтың қолдауымен қаржыландырып отыр. Жоба Ақмола облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Болашақ кешен барлық санаттағы тұрғындарға қолжетімді заманауи спорт орталығы болмақ. Кешенде 40 заманауи құрылғымен жабдықталған жаттығу залы, 30 адамға арналған бассейн, оның ішінде қозғалысы шектеулі жандарға арналған алты арнайы орын, 320 көрерменге лайықталған трибуналары бар баскетбол және волейболға арналған әмбебап ойын залы, бокс, күрес, гимнастика және үстел теннисіне арналған мамандандырылған залдар секілді нысандар болады. 

Сонымен қатар, бұл кешен ірі спорттық іс-шаралар, турнирлер мен жарыстар өткізілетін орталыққа айналады. Бұл Степногорск қаласының еліміздің спорттық картасындағы мәртебесін нығайта түспек.

Кешеннің айналасында кең автотұрақтар, жасыл аймақтар, орындықтар мен спорт алаңдары салынады. Бұл оны тек спорт орталығы ғана емес, сонымен қатар жайлы демалыс орнына да айналдырады. Нысанның жалпы аумағы шамамен 6 мың шаршы метрді құрайды. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.

"Көпфункциялы дене шынықтыру-сауықтыру кешені – бұл жай ғана ғимарат емес. Бұл – болашақ ұрпақтың саулығына, өңірдің дамуына және белсенді, мықты қоғам қалыптастыруға бағытталған инвестиция. Мемлекет пен бизнестің бірлескен күш-жігерінің арқасында біз қаланың өмірінде маңызды орын алатын спорт орталығын салып жатырмыз", – деді "АК Алтыналмас" АҚ Басқарма төрағасы Баламир Маханов.

Жаңа спорт нысаны ел президенті атап өткен бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік бастамалардың бір бөлігіне айналмақ.

Алтын өндіруші компания Қазақстанның бес өңірінде – Жамбыл, Қарағанды, Абай, Павлодар және Ақмола облыстарында жұмыс істейді. Компания әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорын ретінде жыл сайын шахтерлік қалалар мен кенттердегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға қаражат бөледі. Мұндай жобалар тек күнделікті тұрмыс жағдайларын жақсартып қана қоймай, тұрақты қауымдастықтар құруға: білікті мамандарды тартуға, жастарды туған жерінде қалып, дамуға ынталандыруға және бизнес пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Степногорск қаласындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені – өңір болашағына қосылған осындай үлестердің бірі. Еске салсақ, бұған дейін алтын өндіруші компанияның қолдауымен Жолымбет кентіндегі балабақшаның қасбеті жөнделіп, Степногорск қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған Ерте араласу орталығы ашылған еді. Сондай-ақ нақты өндірістегі жабдықтармен жабдықталған заманауи ғылыми-техникалық зертхана "Altynalmas MetLab" іске қосылып, 35 спортшыға арналған жаңартылған аралас жекпе-жек залы пайдалануға берілді.

Компанияның әлеуметтік бастамалары аясында салынған барлық нысандар мемлекет меншігіне қайтарымсыз негізде беріледі. "Алтыналмас" жаңа жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда, олардың бірқатары қазірдің өзінде іске асыру кезеңінде.

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Шілде, 2025 18:54
Талқылау