Станислав Черчесов футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерлік қызметінен кетуі жайлы өз пікірін білдірді
Ресейлік бапкер Станислав Черчесов Қазақстан футбол федерециясының арадағы келісімшарт екіжақты келісім бойынша тоқтатылды деген сөзін жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sportnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: kff.kz
Черчесовтың айтуынша, бұл бастаманы ҚФФ басшылығы көтерген.
“Құқықтық тұрғыдан келісімшарт әлі бұзылған жоқ, сондықтан мен – әлі ресми түрде Қазақстан құрамасының бас бапкерімін. Қазір менің және бапкерлік құрамның заңгерлері келісімшартты бұзу мәселесімен айналысып жатыр”, – деді Станислав Саламұлы.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан футбол федерациясы ресейлік маманмен жұмысты тоқтатқанын мәлімдеген еді. Онда келісімшарт қос тараптың өзара келісімімен бұзылғаны нақты айтылған еді.
Станислав Черчесовтың Қазақстан құрамасы бас бапкерлігінен босатылғаны жайлы ресейлік футбол мамандары түрлі пікір айтып жатыр. Солардың бірі ресейлік экс-футболшы Владимир Быстров өз ойын ашық айтты.
“Бәлкім, Қазақстан құрамасы Черчесовтың командасы емес шығар. Меніңше, қазақтар тым жалқау. Олар Черчесовтың тәртібіне бейімделе алмады. Команда ойыншылары тез шаршап қалды. Норвегиямен өткен ойында Холландты тоқтатып, бір ұпай алды. Содан кейін ойыншылар футболдың не екенін ұмытып қалған секілді”, – деді Быстров.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы ресейлік маман Станислав Черчесовтың басшылығымен Ұлттар лигасының топтық кезеңінде 6 ойын өткізді. 5 ойында жеңіліс тауып, 1 ойында тең түсті. Біздің футболшылар қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмады.