Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мас болып кеп, жиі ұратын": Талдықорғанда соққыға жығылған баланың анасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны екенін айтты

Талдықорғанда әкесі ұрып-соққан үш жасар бала жансақтау бөліміне түстіФото: Видеодан скрин

Талдықорғанда үш жасар қызын аяусыз соққыға жыққан ер адам қамауға алынды. Бүлдіршін Ақжарқын Жұмақанова ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Мас әкесі анасы моншада жуынып жатқанда қызын сабап тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған видодан кішкентай Ақжарқынның беті сырылып, көгергенін, іші мен арқасында көптеген гематома барын көруге болады.

Қыздың анасының айтуынша, олар жер үйде тұрады. Әйел шамамен жарты сағатқа моншаға кеткен, сол уақытта балаларға әкесі қарап қалған. Жадыра Жұмақанова күйеуінің мас болғанын мойындайды, бірақ туған қызына қол көтереді деп ойламағанын айтады.

“Қызымның арқасында, бетінде және ішінде көгерген жерлер бар. Дәрігерлер баланың ішкі ағзалары зақымданған дейді. Мен бар болғаны жарты сағатқа ғана шығып кеттім. Сол уақыттың ішінде ол қызымызды ұрып үлгерген. Өзі мас болған. Мен “неге Ақжарқынға қол көтердің?” деп сұрадым. Ол ұрмағанын айтты”, – дейді Жадыра Жұмақанова.

Ерлі-зайыпты бес жыл некеде тұрған. Әйел 30 жаста, ер адам 37-де. Ер адам қара жұмысшы болып істейді. Олар 3 және 2 жастағы екі баланы тәрбиелеп отыр. Жадыраның айтуынша, күйеуі жиі ішіп кеп, өзін де ұрып-соғады. Күйеуінің өзгеретініне сенген әйел бәріне шыдаған. Алайда күйеуі қызына қол көтергеннен кейін, өзі полиция шақырған.

“Полиция қызметкерлері күдіктінің, яғни баланың әкесінің тұрғылықты жеріне дереу жетті. Мас ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев.

Кішкентай Ақжарқынның бауыр циррозымен ауырғаны белгілі болды. Бір жылдан астам уақыт бұрын оған бауыр трансплантациясы жасалған.

Емге байланысты шығындарды өтеу үшін Түркияда ем қабылдауға шұғыл қаражат жиналған. Бұл іске қайырымдылық қоры кіріскен. 31-арнасының “Информбюро” бағдарламасына пікір білдірген еріктілердің айтуынша, сол кезде-ақ баланың анасы күйеуінің өзін ұрып-соғатынын айтқан.

“Өкініштісі, әкесі қыздың бауырын ауыстыруға қарсы болды. Тіпті бізге де балағат сөздер айтып, агрессия көрсетіп тиісті құжаттарды жинауға кедергі келтірді. Анасының да қатты қиналып, күйзеліске түсіп жүргенін байқадым. Мен анасынан “күйеуіңіз ұра ма?” деп тіке сұрадым. Ол “иә, ұрады, мен одан қорқамын” деді. Отбасы көмек сұраған кезде баланың жағдайы өте ауыр еді, оны шұғыл түрде Түркияға бауыр ауыстыру операциясына жіберу қажет болды. Біз баланы толықтай өз қамқорлығымызға алдық. Көмекшілеріміз анасына киім-кешек, тамақ, Ақжарқынға ойыншықтар алып берді. Қысқа мерзімде 50 мың доллар көлемінде қомақты қаражат жиналды. Бауыр трансплантациясы сәтті өтті”, – дейді “Солнце в ладошках” қайырымдылық қорының өкілі Екатерина Доброва.

Алайда кішкентай Ақжарқын бұл жолы әкесінің қатыгездігінен қайтадан ауруханаға түсті. Үш жасар қыз бүгін палатаға ауыстырылды. Науқас ақ халаттылардың бақылауында. Қазір оның жанында анасы бар. Отбасы балалар құқықтарын қорғаушылардың да ерекше бақылауында.

“Бүгін таңертең мен ауруханаға қайта барып, дәрігермен кездесіп, баланың денсаулық жағдайы туралы сұрадым. Сондай-ақ анасына жолығып, сөйлестім, қажет болған жағдайда хабарласуы үшін жеке байланыс нөмірімді бердім”, – деді Жетісу облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ермек Егінбаев.

Жергілікті омбудсмен күдіктіні ата-ана құқығынан айыруға ұсыныс бердік дейді. Бұл мәселені енді арнайы комиссия шешеді.

Полиция денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Зардап шеккен қыздың әкесі 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Талдықорғанда ер адам әйелі мен үш жасар қызын оңдырмай соққыға жыққаны туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 08:38