Шымкенттегі атышулы оқиғалардан кейін полиция департаментіне жаңа басшы келді

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент қалалық полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізіп, ведомствоны қатаң сынға алды. Сондай-ақ басқарманың жаңа басшысын таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшысы Мұхтар Қожаевты таныстырды. Ол бұған дейін Ішкі істер министрлігі тергеу департаментін басқарған. Полиция генерал-майорының басқарушылық және тергеу саласында тәжірибесі бар. Ол тергеушіден бастап орталық аппарат департаментінің басшысына дейінгі қызмет жолынан өткен.
Министр Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қылмысқа қарсы күресті күшейту қажет екенін айтты.
21 жастағы Нұрай өлімі бойынша айып күшейтілді: Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың отбасы істі Ішкі істер министрлігіне беруді талап етті
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
“Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір бұзушылық үшін барлық деңгейдегі басшылар мен кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсысы жеке жауап береді”, – деді министр Саденов.
Жиын барысында танысының қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты тергеу барысы талқыланды. 21 жастағы қыздың өліміне қатысты іс министрдің жеке бақылауында екені айтылды. Жедел-тергеу тобына істі жан-жақты, толық және объективті тергеу тапсырылды.
Сондай-ақ министр сталкингке (қудалау, аңду) қарсы күресті күшейтуді, мұндай қылмыстар бойынша бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеуді және тергеушілерді арнайы оқытуды тапсырды. Қорқыту, қысым көрсету фактілеріне дер кезінде құқықтық баға берілмесе, ауыр салдарға әкелетінін ескертті.
Одан бөлек, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын күшейту, полиция жұмысына цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу міндеттелді. Шымкент қалалық полиция бөлімшелерінде инспекторлық тексеріс басталыпты.
Еске салайық, бұған дейін 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласында 21 жастағы қыздың пышақ жарақаттарынан қаза тапқаны хабарланған еді. Нұрай Серікбай 11 пышақ жарақатын алған. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан есімді ер адам қамауға алынды.
Нұрайдың туыстары марқұмның бұған дейін күдіктінің үстінен полицияға шағымданғанын, алайда қызметкерлердің қыздың арызын қабылдамай қойғанын айтып, полицияны немқұрайлық танытты деп айыптады.
Іске қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев да пікір білдіріп, бұл оқиғаның қоғамда кең резонанс тудырғанын айтқан еді. Президент ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.
"Екі дипломым бар, 5 тіл білемін": Қазақстандық ару Англияға саңырауқұлақ терумен айналысып жүр