Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Сөзіміз бен ісіміз сәйкес келмейді”: Ринат Зайытов әріптестерін сынап тастады


“Сөзіміз бен ісіміз сәйкес келмейді”: Ринат Зайытов әріптестерін сынап тастады

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов өз әріптестерін және банк секторын сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ринат Зайытов “Банктер және банк қызметі туралы" заң жобасы мен қаржы нарығын реттеуге қатысты түзетулерді талқылау барысында әріптестерін сынап тастады.

“Шыны керек екінші оқылымға дейін осының барлығы түзеле кетеді дегенге сенбаймын. Себебі әбден үйреніп алған мемлекеттік органдар. Мәжіліске келеді, біз 90 депутат жақтап дауыс береміз. Ұялмай өзіміз “мына жері дұрыс емес, қате” деп айтамыз. Сөзіміз бен ісіміз сәйкес келмей жатқан сияқты”, – деді Ринат Зайытов.

Ринат Зайытовтың айтуынша, үкімет өкілдері бұл заң жобасының мақсаты мен міндеті – ашықтықты арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, дағдарыстардың алдын алу, банк жүйесіне деген сенімді нығайту, қолайлы жағдай жасау және қаржы нарығында адал бәсекелестік арқылы инновацияларды ынталандыру деп түсіндіреді.


Қазақстандық банктер базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты депозит бойынша мөлшерлемелерін көтеруде


Алайда, Зайытов “жүйелік маңызы бар банктер” деген ұғымның өзі шынайы бәсекелестікке қайшы келетінін алға тартты.

"Сонда біз өзіміз кімге көмектесетінімізді таңдап отырмыз. Мына банк жақсы, оған қолдау көрсетеміз, ана банк жаман оған қолдау жоқ дейміз. Бірақ банктердің атауын халық бәрібір біледі. Содан кейін нарықта не болады?" – деді Зайытов.

Ринат Зайытов Қазақстанда банктердің мөлшерлемесі соғыс жүріп жатқан елдерден да жоғары екенін айтты.

"Тұтынушыларды қорғау, дағдарыстың алдын алу деген әдемі естіледі. Бірақ бұл қарапайым тұтынушыға, ауыл тұрғынына, жай адамға не береді? Олар үшін бұл нормалардың құны шамалы. Банктер пайыздық мөлшерлемені қашан азайтады деген бір ғана сұрақ бар халықта. Бізде мөлшерлемелер соғыс жүріп жатқан елдерден де жоғары", – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ресейде пайыздық мөлшерлеме – 17%, Украинада – 15,5%, Өзбекстанда – 14%, Қырғызстанда – 10%.

"Ал бізде тұтынушылық несиелердің пайызын 50-ден әрең 46%-ға дейін түсірдік. Халықаралық стандарт бойынша бұл көрсеткіш 36% болуы тиіс. Ал бізде ше? Адамдар несие алып, оны қайта құрылымдап, мерзімін созуға мәжбүр. Соның салдарынан одан да үлкен қарызға батады. Халық барымен төлеп отыр", – деп ашуланды Ринат Зайытов.

Айта кетейік, мәжіліс "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заң жобасын және қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Ал 10 қазан күні Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерген еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 05 Қараша, 2025 19:26
Талқылау