"Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес": Қазақстандық дәрігерлер Израильден елге эвакуациялану үшін 37 сағатты жолға жұмсаған

Израильде тағылымдамадан өтіп жүрген қазақстандық жеті дәрігер Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты шұғыл түрде елге эвакуацияланды. Әуе кеңістігі жабылғандықтан, дәрігерлердің елге жету жолы шамамен 37 сағатқа созылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 7-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Өскемен қаласындағы №4 қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Жанболат Ғазизовтың айтуынша, әскери шабуылдар басталған алғашқы күндері қазақстандық мамандарды Шиба клиникасының жанындағы қонақүйге орналастырған. Олармен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері және медициналық мекемелердің басшылары үнемі байланыста болған.
Тель-Авив қаласының әуе кеңістігі жабық болғандықтан, қазақстандық дәрігерлерді эвакуациялау үшін қауіпсіз бағыт ұйымдастырылды. Олар алдымен автокөлікпен Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласына жеткізіліп, кейін ұшақпен Қазақстанға қайтқан.
"Сөзбен айтып жеткізу қиын. Ондайды өз көзіңмен көріп, бастан кешіру керек. Ол жерде біз үлкен психологиялық күйзеліс сезіндік. Сондықтан үйге қайтқымыз келді. Бізбен елші де, медицина мекемелерінің басшылары да үнемі байланыста болды. Қазір айту оңай, бірақ ол кезде жағдай мүлде басқа еді. Біз ондайға үйренбегенбіз. Ең бастысы – елімізде аспанымыз ашық болып, өмірімізге қауіп төнбесе екен. Ондай жағдайды көргенде қолда бар тыныштықтың қадірін түсінесің", – деді Жанболат Ғазизов.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?