Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Перизат Қайратты 10 жылға, анасын 7 жылға соттады

Перизат Қайрат пен анасы жауап беруден бас тартты

Фото: Перизат Қайраттың жеке парақшасы

Қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Судья Сабыржан Каримов Перизат Қайрат кінәлі деп танып, оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Оның анасы да кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сот залында қамауға алынды. Сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді.

Сондай-ақ Перизат Қайраттан: 

  1. Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, “Көк жайлау” тұрғын үй кешеніндегі пәтерлері, автотұрақпен бірге;
  2. Mercedes-Benz S450, Lexus LX 600, Mercedes-Benz EQE, Haval H6 GT көліктері;
  3. Rebel Flowers жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
  4. 97 миллион теңге және 22 мың доллардан (12 миллион теңгеге жуық) астам қаржысы тәркіленді. 

Мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді және 10 жыл бойы қайырымдылық қызметпен айналысуына тыйым салуды сұрады. Ал оның анасы Ғайни Алашбаеваға прокурорлар 8 жыл колония жазасын сұраған еді.

Іс материалдарына сәйкес, Перизат Қайрат пандемия кезінде кең тараған "Біз Біргеміз" ұранын пайдаланып, “BizBirgemiz Qazaqstan 2030” атты қоғамдық бірлестіктің құрылуына бастамашы болды. Заңға сәйкес бірлестікті жеке ашуға рұқсат болмағандықтан, ол құрылтайшы ретінде тоғыз адамды (көбі Nur Otan партиясының жастар қанаты мүшелері) тартқан және олардың қолдарын қолдан жасаған.

Айыптау нұсқасы бойынша, Перизат Қайрат пен оның анасы қайырымдылық желеуімен жиналған шамамен 3,5 миллиард теңгені жымқырған. Бұл қаражат мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салуға, Палестина азаматтарына, сондай-ақ Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталған еді. Алайда ол ақшалар қымбат киімдер мен сөмкелерге, пәтерлер мен көліктерге, шетелге сапарларға жұмсалған.

Айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Сот процесінің басында Перизат Қайрат өзіне тағылған айыпты “тергеушілердің қиялы” деп бағалады. Одан кейінгі сот жабыр режимде өтті. Прокурордың айтуынша, Қайрат өзіне және анасына сән-салтанатты өмір сүруге мүмкіндік берген қаржының шығу көзін түсіндіре алмаған.

Іс бойынша жәбірленушілер ретінде танылғандар – 50-ге жуық адам, олардың арасында қарапайым азаматтармен қатар ірі компаниялар, банктер мен ұйымдар да бар. Айыпталушылардың адвокатының айтуынша, барлық жәбірленушілер азаматтық талап арыз берген жоқ, яғни кейбір азаматтар ақша аударғанымен, соттан өтемақы талап етпеген.

Еске салайық, бұған дейін Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатқанын жаздық. Тергеу деректері бойынша, 47 адам жәбірленуші ретінде танылған. 2023 жылы Газа секторына көмек көрсету мақсатында жиналған 83 миллион теңге және басқа да қайырымдылық қаражаттарының қалай жұмсалғаны туралы қоғамда күмән туындаған. Прокуратура жалпы шығынды 200 миллион теңгеден асады деп көрсетсе, жәбірленушілер бұл істі жай ғана алаяқтық емес, сенімге жасалған опасыздық деп санайды. "Стройконструкция" АҚ-ның өкілі Перизат Қайратты "алаяқтардың патшайымы" деп атап, оны әйгілі алаяқтар Остап Бендер мен Сонька Алтынқолмен салыстырды. Жәбірленушілер айыпталушыларға ең қатаң жаза қолдануды талап етті.

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Шілде, 2025 15:56
Талқылау