Сот Майқайың кенішіндегі автобус апатында қаза тапқан құтқарушының отбасына берілетін өтемақы сомасын азайтты
Сот Майқайың кенішінде жер астына түсіп кеткен автобустағы құтқарушының туыстарына берілетін өтемақы мөлшерін азайтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыркүйекте жәбірленушілердің бірінің анасы, қызы, ұлы және әпкесі әрқайсысы 30 миллионнан барлығы 120 миллион теңге моральдық шығынды өтеу туралы талаппен сотқа жүгінген. Әскери жедел-құтқару қызметінің республикалық орталық штабы жауапкер болды. Екібастұз соты талап арызды қанағаттандырып, мекемені 120 миллион теңге төлеуге міндеттеген еді.
Алайда жауапкер апелляциялық шағым білдіріп, 13 қарашада облыстық соттың сот алқасы істі қарап, жаңа үкім шығарды. Енді әрқайсысына 30 миллион емес, барлығына 30 миллион төлейді.
“Ақылға қонымдылық, әділдік және жеткіліктілік критерийлерін басшылыққа ала отырып, алқа моральдық залалдың орнын толтыру сомасында талапкердің пайдасына өндірілуге жатады деген қорытындыға келді. Әрқайсысының пайдасына 7 млн 500 мың теңгеден өндірілді”, – деп мәлімдеді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Агидель Ибраева.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік. Екі адамның денесі табылды. Кейіннен жердің опырылу қаупіне байланысты іздеу тоқтатылды.
Содан кейін құтқарушының отбасы компаниядан 120 млн теңге өндіріп алғаны айтылды.