Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мемлекеттік құпиялар бар": Сот Қаңтар оқиғасында қаза болған археологтың ісін жабық етіп, журналистерді шығарып жіберді

Алматы гарнизоны әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өлімі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Алайда 16 қаңтарда судья Айдар Секенов сотты жабық етіп, журналистердің кіруіне рұқсат бермеді. Бұған жәбірленушінің адвокаты мен достары наразылық білдірді. Stan.kz тілшісі сот отырасынан хабарлайды.

Фото: Жақындарының архиві/Stan.kz

Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы Ерлан Жағыпаров 6 қаңтарда жоғалып кеткен. 12 қаңтарда оның денесі мәйітханадан қолына кісен салынған, аяусыз соққыға жығылған, жүрек тұсынан оқ атылған күйде табылған. 

Бұл істе Ұлттық ұлан 5571 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіров Қылмыстық кодекстің 451-бабы 2-тармағы “Билікті асыра пайдалану” бойынша сотқа тартылып отыр.

Оқиға болған кездегі видеоны зерттейтін полиграфист-сарапшы Римма Сейілова сотты жабық етуді талап етті. Ол 16 қаңтарда сот отырысында куәлік беруі тиіс еді. Бірақ сөздерінде жария болмауы керек мемлекеттік құпиялар болғандықтан, журналистердің шығарып тастауды сұрады.

Судья Айдар Секенов маманның өтінішін қанағаттандырып, сотты жабық етіп тастады. Енді журналистер сотқа қатыса алмайды, сот отырысына қатысушылар да журналистерге сот туралы ашық айта алмайтын болды. 

Жәбірленуші тараптың адвокаты Сәуле Қобжанова бұл шешімге қарсы шықты. Сөзінше, сотты толық жабық етпей-ақ, тек сарапшы куәлік бергенде журналистерді шығара тұруға болады. 

“Біріншіден, қылмыстық іс тергеуі жүргізіліп, сот жіберілген кезде құпия болмады. Соттың бұл шешіміне қарсымыз. Біз бұған тек үкім шыққан соң, апелляциялық шағым түсіре аламыз. Істі жабық өткізуге негіз жоқ деп санаймыз. Құпия материалдар жоқ еді, тіпті болса да, сол сәтте журналистерді шығара тұруға болатын еді. Бұған дейін қылмыстық істерде солай болатын. Іс соңына жетіп, куәгерлердің 90%-ы сот отырысында сөз сөйлеп болған кезде жабық ете салғаны түсініксіз. Куәгер қазір қызметте емес, зейнетке шыққан. Неден және кімнен қорқады? Біз оған қоқы-лоқы көрсетеді деп ойлай ма?”, – деді адвокат.

“Құдды бір нәрсені бұрмалап жатқандай”

Марқұм Ерлан Жағыпаровпен 10 жыл дос болған Арман Нұрмұхамбетов сот отырысын аяқ-асты жабық режимге ауыстыруда бір гәп бар дейді. Ол істе куәгер емес, бірақ жақын досының өліміне қатысты іс болған соң бақылап жүрген екен. Енді ол сотқа қатыса алмайды.

Арман Нұрмұхамбетов, Фото: Stan.kz

“Түсініксіз шешім. Бұған дейін сотқа қатысып жүрдік, ешкімге кедергі келтірмедік. Шешімге не түрткі болғанын ұқпадым. Қылмыстық іс 2 жыл созылды, осыдан-ақ бірдеңе дұрыс емес деп күмәнданып жүрдік, құдды бір нәрсені бұрмалап жатқандай. Істің артында біз білмейтін бірдеңе болып жатыр деп ойлаймын. Сотты жабық етіп, өз пайдаларына өзгерте ме деп те қорқамыз. Бірақ нақты ештеңе дей алмаймын, ақиқатын білмейміз, бағалай алмаймыз. Ашық болғаны жақсы еді”, – деді марқұмның досы.

Арман Нұрмұхамбетов археологтың өлімін тұтас бір ұлттың қазасына балады. 

“Ерланмен 10 жылдай араласамыз. Ол үнемі қоғамдық акцияларға, петроглифтерді іздеуге, тарихи мұраларды зерттеуге атсалысатын. Оның басшылығымен ашылған ғылыми жаңалықтар өте көп. Әрі ондай зерттеуді тегін жасайтын, керісінше өз уақыты мен ақшасын арнайтын. Өз көлігімен археологтар мен мамандарды нысандарға апаратын, іс-шара өткізу үшін үйіне кіргізетін. Оған сөзсіз сенім артуға болатын еді, қолдауын аямайтын. Нағыз ерікті. Көп еріктілер қалаған уақытында ақысыз көмек береді. Ал Ерлан барлық сәтте қол ұшын созатын жалғыз ерікті болатын. 1 сағатта оқиға орнына жетуші еді. Өз ісіне адал болып, қазақтың мәдениеті мен тарихын зерттеуге өмірін арнады. Білімі мол болатын. 21 ғасырдың батыры десем де артық емес. Ол қазақтың тарихы мен мәдениеті ұмыт болмасын деп күресті”, – деді қоғам белсендісі Арман Нұрмұхамбетов.

Еске салсақ, Қаңтар оқиғасы кезінде 49 жастағы жоғалып кеткен алматылық азаматтың денесі табылған. Кейіннен оның археолог Ерлан Жағыпаров екені белгілі болды. Ерлан Жағыпаровтың інісі Нұрлан Жағыпаров ағасын атқан адамның белгілі болғанын мәлімдеген еді.

Талқылау