"Сот ешқандай заңсыздықты көріп отырған жоқ": Танымал блогер үйін жөндетемін деп алаяқтарға алданып қалған
Фото: instagram.com/nagimuwaa
Нагимуша атымен танылған блогер Нағима Настевич жаңа сатып алған үйін жөндетпек болып, алаяқтарға алданып қалғанын мәлімдеді. Астана соты блогердің құрылыс компаниясының үстінен түсірген шағымын ішінара қанағаттандырған. Блогер Астана сотын миллиондаған шығынды есепке алған жоқ деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер басынан өткен оқиғасын Threads желісіне жариялағаннан кейін бір тәуліктің ішінде әлгі құрылыс компаниясынан кемінде 16 отбасы зардап шеккені мәлім болған.
"2024 жылғы қазанда үй сатып алып, Диас Айдарбеков пен Айдос Үсембаевтың fbg.astana компаниясына жүгіндік, олар бізден қомақты қаржы алып, ақырында бүлінген дүние мен жеті айға созылған сот процесіне тап болдық. Кеше Астана соты біздің талап-арызымызды ішінара қанағаттандырды. Сот миллиондаған шығынды ескерген жоқ", – деп мәлімдеді ол Threads желісінде.
Нағима былтыр қазанда Астана маңынан үй сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жарнамасы айқайлап тұрған FBG компаниясына жүгінеді.
"Үйіміздің ішін жөндету үшін жақсы пікірлерге сеніп, Қазақстан бойынша үздік бестікке кіреді деп сендірген нарықтағы танымал құрылыс бригадасымен келісімшартқа отырдық", – деп жазды ол желідегі жеке парақшасында.
Блогердің жазуынша, шаршы метрін 70 мың теңгеден есептеп, құрылыс бригадасына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 5,4 млн теңгесін санап берген. Құрылысшылардың сұратуы бойынша, құрылыс материалдарын да дер кезінде жеткізіп отырған. Блогер үйді жөндету үшін көлігін сатып, қарызға кірген. Алайда жаңа жылда жаңа үйге кіремін деген ерлі-зайыптының қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылған. Жөндеу жұмысы дер кезінде біткені былай тұрсын, соңы жеті айға созылған сотқа ұласып кеткен.
Фото: коллаж
Нағиманың сөзінше, жөндеу жұмыстары басталғаннан кейін төрт айдан кейін құрылыс компаниясымен соттасуына тура келген. Өйткені құрылысшылар, блогердің айтуынша, тапсырыс берушінің әр құрылыс материалына ұқыппен қарау, тазалық сақтау сынды ескертпелерін елемеген, жұмысты дер кезінде аяқтамай, құрылыс материалдарын ысырап етіп, қоңырауына жауап бермей, жұмысқа шықпай қойған кездері де болған. Мәселенің келісіммен шешіле қоймасын аңдаған блогер құрылыс компаниясын сотқа беру арқылы құрылысшыларға төлеген қаржысын, құрылыс материалдарына кеткен ақшасын және құрылыс барысында келген шығынды өндіріп алмақ болған.
Арада жеті ай өкенде Астана соты блогердің талабын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарған. Сот шешіміне көңілі толмаған блогер апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін мәлімдеді. Үстінен ұжымдық шағым түсіп жатса да, құрылыс компаниясы әдеттегі қалпынша жұмысын жалғастырып жатыр деген блогер соттан әділдік талап етіп отыр.
"Құрылыс және жөндеу саласындағы жосықсыз адамдарға кезігу елімізде жиі қайталанатын мәселеге айналған. Бұған таңғалмайтын болдық. Елді оңды-солды алдап жатыр. Адамдар ұжымдық талап-арыз жазып, сотқа жүгінуде, ал олардың аз ғана пайызы әділдікке жетіп жатыр. Оның ауқымын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес", – дейді Нағима.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
