Сот Елжан Біртановқа қатысты үкім шығарды: Экс денсаулық сақтау министрі бостандықта қалатын болды
Бүгін Астанада экс-министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін прокурор экс-министрді Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармағында (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану, ауыр салдарға алып келген әрекет) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Сондай-ақ, Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтен 1 миллиард 548 миллион 136 мың 575 теңгені тең үлеспен өндіруді, ал Біртановтан санитарлық авиацияны пайдаланғаны үшін жұмсалған 5 миллион 503 мың 721 теңгені өндіріп алуды ұсынды.
Сонымен қатар прокурор Біртановты үйқамақтан қауіпсіздігі орташа түрмеге ауыстыруды өтінді. Оған қоса, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салу қажет деп санайды.
Бүгін судья өз шешімін жариялады. Оған сәйкес, экс-министр бес жылға, ал оның орынбасары төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Әбішев жыл сайын 100 сағаттық қоғамдық жұмыстарға да тартылады. Екеуінің үйқамақта отырған мерзімі де есептеледі.
Ал денсаулық сақтау министрлігінің азаматтық арызы жартылай қанағаттандарылды. Біртанов пен Әбішев 1 миллиард 350 миллион 123 мың теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеп беруге міндеттелді. Біртановты "Құрмет" орденінен айыруға ұсыныс жасалады.
Еске салайық, Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған еді. Қаржы мониторингі агенттігінің (AFM) бағалауы бойынша, орындалмаған жұмыстардың құны 4,1 млн доллар немесе 1,5 млрд теңгені құрайды. Біртановқа сондай-ақ "2020 жылдың маусым айында санитарлық авиацияның ұшағын жеке мақсатта пайдаланған кезде" өкілеттігін асыра пайдаланды" деген айып тағылды.
Ал экс-министр өз кінәсін мойындамады.