Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Алматы мектептеріне Kundelik-тен BilimClass-қа көшуге тыйым салды

Сот Алматы мектептеріне Kundelik-тен BilimClass-қа көшуге тыйым салдыФото: kundelik.kz

Сот Алматы мектептеріне Kundelik-тен BilimClass жүйесіне көшуге сот тыйым салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Осыған дейін Алматыдағы 200-ден астам мемлекеттік мектептің оқушылары, ата-аналары мен педагогтарының деректері пайдаланушылардың келісімінсіз Kundelik.kz жүйесінен Bilimland білім беру платформасына көшірілгені белгілі болды. Kundelik.kz платформасының негізін қалаушы Мұхтар Ильясовтың айтуынша, платформаны ауыстыру туралы шешім ешқандай қоғамдық талқылаусыз қабылданған.

Осыған байланысты оқушылардың ата-аналары epetition.kz платформасында оқу жылының қақ ортасында Kundelik-тен BilimClass-қа көшудің алдын алу мақсатында петиция жариялады. Өтініш авторлары цифрлық білім беру ортасының күрт өзгеруі оқу процесінің үздіксіздігіне кері әсер етіп, мұғалімдердің жұмысына қиындық туғызуы және оқушылардың психологиялық тұрақтылығына теріс ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар олар бағалау жүйесінің ашықтығы мен деректердің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.

“Күнделік” ЖШС Алматы қаласының білім басқармасына қарсы платформа ауыстыруға қатысты әрекеттерді заңсыз деп тану туралы сотқа талап арыз түсірді.

Талапкер соттан талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдауды сұрап, жауапкерге және оған қарасты ұйымдарға, оның ішінде мектептерге бірқатар әрекеттерді жасауға тыйым салуды талап етті. Атап айтқанда:

– Kundelik жүйесінің орнына BilimClass немесе басқа да ақпараттық платформаларға көшуге, сондай-ақ оларды сынақтан өткізуге;

– оқушылардың, ата-аналардың және білім беру саласы қызметкерлерінің дербес деректерін Kundelik жүйесінен BilimClass-қа немесе өзге жүйелерге көшіруге, беруге не жүктеуге;

– BilimClass немесе балама ақпараттық жүйелерді Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарына енгізуге қатысты кез келген келісімшарттар мен құжаттарды рәсімдеуге;

– Алматы мектептерінде Kundelik жүйесін пайдалануды тоқтатуға немесе оны шектеуге.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы талапкердің өтінішін қанағаттандыру туралы қаулы шығарды.

Еске салсақ, 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап көптеген қазақстандық мектептер Kundelik.kz платформасынан бас тартуға шешім қабылдады. Алматы қаласы білім басқармасының өкілдері оның орнына BilimClass жүйесі енгізілетінін мәлімдеген.

Артынша Алматы қаласындағы 200-ден астам мемлекеттік мектептің оқушылары, ата-аналары мен педагогтарына қатысты деректер Kundelik.kz ақпараттық жүйесінен Bilimland білім беру платформасына пайдаланушылардың рұқсатынсыз көшірілгені белгілі болды.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 13 Қаңтар, 2026 19:32