Сот Алматыда мас күйінде ұсталды деген прокурорға заңды бұзбаған деген шешім шығарды
Фото: Ақтау қаласы прокуратурасы
Мас күйінде әуежайда шу шығарды деген прокурор Ерболат Әбдіровке қатысты Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысы белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтау прокуроры Ерболат Әбдіровтің Алматы әуежайындағы іс-әрекетінен сот ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықтың құрамын анықтаған жоқ. Әбдіров қоғамдық жерде өзін әдепсіз ұстап, тіл тигізбеген, адамдарға тиіспеген және айналасындағыларды сыйламай, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын іс-әрекеттер жасамаған.
Оқиға 27 тамызда болды. Әбдіров Алматы әуежайында өзімен жерлес екі бауырымен танысқан. Одан кейін жолаушыларды ұшаққа жеткізген автобуста оқиға болған көрінеді. 28 тамызда Алматы әуежайы желілік полиция бөлімінің қызметкері Әбдіровке қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Бұл ретте ағайындылар өздері мен прокурордың арасында жанжал болғанын сотта жоққа шығарады. Олардың Әбдіровке шағымы жоқ.
Сот сондай-ақ автобустың қоғамдық көлік емес, арнайы көлік екенін ескерді. Ал сараптама прокурордың "саналы болғанын, оның сөзі байланыстырылғанын, баяндаудың байланысы бұзылмағанын, уақытқа, жеке басына, жағдайға бағдарланғанын" тіркеді.
10 қыркүйекте істі судья Иниятолла Досетов әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатқан еді. Сот қаулысына шағым берілуі мүмкін, қаулының көшірмесі тапсырылған күннен бастап он тәулік ішінде Ақтау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты арқылы Маңғыстау облыстық сотына прокурор апелляциялық өтініш беруі мүмкін.
11 қыркүйекте Бас көлік прокуратурасы Ақтау қаласының Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша Ерболат Әбдіровке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс жүргізуді тоқтату туралы қаулысының заңдылығын тексеретінін хабарлады.
Еске сала кетейік, 9 қыркүйекте Әбдіровтің ұсталғаны туралы хабарланған еді. Ал 10 қыркүйекте Маңғыстау облысының прокуратурасы оған қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"30 мың теңгеге азық-түлік аламын", "ажырасқандар салық төлесін": Көпшіліктің сынына ұшыраған депутат Ардақ Назаровтың даулы мәлімдемелері
