Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соңы жақсылыққа әкелмейді": Қазақстандық блогер салық комитетінің инфлюенсерлерге жіберген хабарламасына наразылығын білдірді

Қазақстандық блогер Әлішер Елікбаев әлеуметтік желілерде 8 мың блогерге салық комитетінен хаттар келіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, блогерлер миллиардтаған теңге салық төлемеді деп айыпталып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: Елікбаевтың Instagram парақшасынан 

Елікбаевтың сөзінше, еліміздегі көптеген блогер, вайнер, әзілкештер 2022 және 2023 жылдарға салық төлемегені туралы хабарлама алып жатыр. 

"Мұндай хатты 8 мың адам алды деген қауесет бар. Олардың арасында блогерлер, әзілкештер, вайнерлер, тіпті Геннадий Головкин де бар. Сонда енді толығымен оларды табыссыз қалдыруға шешім шығарылды ма? Әрине ешкімді аяй алмаймыз. Өйткені  барлығымыз әлеуметтік желіде қазақстандықтарды тітіркендіретін өзіміздің ғажайып өмірімізді көрсетеміз", — деді ол өзінің Instagram парақшасында.

Оның айтуынша, кейбір блогерлер миллиард теңгеге салық төлемеді деп айыпталып отыр. 

"Бұл рекорд жаңарту шығар. 300-400 миллион теңгеден төлеуге міндеттелген блогерлер бар. Бірнеше достарыма 100 миллион теңгеге жуық келген. Енді олар: "салық төлеп, тыныш ұйықтаңыздар" деп айта бастады. Алайда бұл айтып отырған жігіттердің барлығы төлеуге тиіс салығын бұрын өтеген. Сондықтан таңғалып отырмыз. Қазір көпшілік салық комитетінің есігін тоздырып жүр. Енді әр тиын үшін есеп беру ұсынылып отыр", – деп ашуланды ол. 



Елікбаев салық салушылар бағаны түсініксіз түрде, дұрыс емес есептеп салып жатқанын алға тартты.

"Миллиард теңге салық салған досымның барлық банк карталары бойынша айналымдарын қараған. Жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алғанын есептеген. Бірақ бұл адам осы мүлкіне қаражатты 2022-2023 жылы емес, одан ертеректе тауып, жинаған. Ал ол үшін салықты кезінде төлеп те қойған", — деп атап өтті қазақстандық.

Блогер көп жылдар бойы ашық жұмыс істегенін және барлық салықтарды төлегенін алға тартты. Бірақ соның өзіне 5 миллион теңгеге қандай да бір заң бұзушылықтар тапқанын алға тартты. 

"Мұның соңы жақсылыққа әкелмейді. Жігіттер кейінгі жылдары ғана табысқа шығып, ол үшін салық төлей бастады. Алайда бұдан кейін олар қайта сөне бастайды. Бұл әркімнің қолма-қол ақша арқылы табысты жасыра бастауына және қара кассаларға ауысуына әкеледі. Осылайша, салық базасы азаяды", – деп түйіндеді Әлішер Елікбаев.  

Талқылау