Жалған инвестиция құрбанына айналмас үшін не істеу керек? Қауіпсіздікті сақтаудың нақты қадамдары
"Инвестиция арқылы табысыңды екі еселе", "байлыққа жетудің ең оңай жолы" деген жарнамалар көбейді. Осындай уәделердің артында көбіне өзін "қаржы гуруы" немесе "тіркелген брокермін" деп таныстыратын алаяқтар тұрады. Ендеше, шынайы инвестиция мен фейк инвестицияның айырмасы неде? Stan.kz ақпарат агенттігі мен Freedom Broker қауіпсіз инвестиция жасаудың ережелерін түсіндіреді.
Алаяқтар қалай әрекет етеді?
Алаяқтар әдетте бір жоспар бойынша жұмыс істейді: құрбан табу → сеніміне кіру → жалған сайт арқылы деректер жинау → ақша аударту → байланыс үзу. Мұндай жоспарды іске асыру үшін ең жиі қолданатын төрт тәсілі бар:
Шұғыл шешім қабылдату. “Бүгін ғана осындай мүмкіндік бар” деп ойлануға уақыт бермей, эмоцияға беріліп, тез әрекет етуге итермелейді.
Жылдам әрі оңай пайда табуға уәде беру. "Бір аптада бай боласың" деген сияқты уәделермен сендіреді.
Бренд пен танымал тұлғаның атын пайдалану. Белгілі компания немесе адамның атын жамылып, фотосын қолданып, сенім ұялатады.
Жалған табыс көрсету. Алғашқыда аз соманың пайдасын қолдан жасап, одан көп ақша салуға итермелейді.
Шоты бұғатталды деп қорқыту. Брокерлік шоты барларға “Брокерлік шотыңыз санкцияға ілікті, ашып береміз” деп комиссия ретінде ақша талап етеді.
Алаяқтарды қалай тануға болады?
Алаяқтардың айласы туралы неғұрлым көп білсеңіз, соғұрлым өзіңізді қорғай аласыз. Дегенмен оған қоса оларды кейбір әрекетінен алдын ала тануға да болады. Мұндай “қызыл жалауша белгілер” көбіне алаяқтардың бәріне ортақ.
Мәселен, Freedom Broker қазақстандық азаматтар компанияның атын жамылған алаяқтарға ұрынып қалмасы үшін арнайы сайт әзірледі. Егер адам күмәнді көрінетін сайттан, әлеуметтік желі парақшасынан компания атынан шыққан инвестиция жарнамасын, ұсыныстарын көрсе, сол сілтемені Freedom Broker - Деректер мен ақшаның қауіпсіздігі сайтына салып, рас-өтірігін тексере алады. Алаяқтар екенін анықтаса, осы сайт арқылы бірден компанияға хабарлай алады.
Қаражатымызды қалай қорғап, қауіпсіз инвестиция жасаймыз?
Ресми әрі заңды қызмет көрсететін брокерді таңдау керек. Заңды қызмет көрсететін брокер инвестормен ресми келісімшарт жасайды, тарифтері мен шарттарын ашық көрсетеді. Олар заң бойынша инвесторға қаражатына қатысты табысты да, тәуекелді де түсіндіреді.
Инвестицияда табыс пен тәуекел қатар жүретінін ұмытпау керек. Тіпті, ең тәжірибелі инвестор, ресми брокер немесе ірі компания басшысы да табысқа кепілдік бере алмайды. Әлемдік деңгейде сенімді саналатын S&P 500, NASDAQ, және Nikkei сияқты қор индекстері де кейде өсіп, кейде төмендеп отырады. Яғни табыс пен тәуекел қатар жүреді. Бұл – қалыпты жағдай.
Инвестор брокерді таңдаған соң, қаражатын салатын және сақтайтын инвестициялық портфелін құрады. Портфельдің үш негізгі түрі бар: қаупі аз, қаупі жоғары, теңгерімді. Сол бойынша есте сақтайтын бір қағида бар: қаншалық табыс жоғары болса, соншалық тәуекелі де жоғары. Сондықтан нарықтағы орташа көрсеткіштен жоғары табыс ұсынып, оның ешқандай тәуекелі жоқ екенін айтса – бұл алаяқ болуы мүмкін.
Өзіңізге уақыт беріп, зерттеңіз. Инвестиция – қаражатқа қатысты ұзақ мерзімді әрі маңызды шешім. Кім не десе де, асықпай, мұқият зерттеп барып қана шешім қабылдау керек. Байланысқа шыққан брокерлік компания туралы ақпарат іздеңіз. Тіпті, танымал бренд не адам жарнамаласа да, күмәнді көрінген мәселенің бәрін нақтылаңыз. Сайттың URL сілтемесін тексереміз. Кейде ресми сайт пен алаяқтардың сайтының атауында бір ғана әріпте айырмашылық болады. Сенімді сайт сілтемесі “https” деп басталады. Ол болмаса, сайт қауіпсіз саналмайды. Сайт мәтінін, дизайнын тексереміз. Алаяқтардың сайтында сапасыз контент, қателер кездеседі.
Ақшаны брокерлік компанияның тек ресми шотына аударыңыз. Инвестор қаражатын қолма-қол немесе жеке адамның шотына аудармауы керек. Брокерлік компанияның тек ресми шотына аударуы керек. Оған қоса түбіртектерді сақтағаны жөн.
Жеке деректерге мұқият болу керек. Инвестиция әлеміндегі алаяқтар да адамның жеке деректері арқылы әрекет етеді. Олар адамның сеніміне кіріп, ЖСН, банк картасының нөмірі, SMS-тегі код, дербес шоттың логині мен құпиясөз сұрауы мүмкін. Бұл мәліметтер қолына түссе, шоттағы барлық ақшаны өзіне аударып алады. Оған қоса несие алып, құрбанның атынан түрлі заңсыз әрекет істеуі де мүмкін. Сондықтан мұндай жеке ақпаратты, ешқашан ешкімге, тіпті, ресми брокерге де, банк қызметкеріне де, жалпы қаржы және құқық қорғау ұйымдарына бермеу керек.
Сенімді брокерді қалай таңдаймыз?
Қазақстанда қарапайым адам бағалы қағазды тек ресми тіркелген брокер арқылы ғана сатып ала алады. Сенімді әрі қауіпсіз брокерлік компаниялардың арнайы лицензиясы болады және олардың қызметі заңмен реттеледі. Олар тарифтері мен шарттарын ашық түсіндіреді, инвестормен міндетті түрде келісім шарт жасайды. Клиенттің қаражатын жеке шотта сақтайды, ал инвестор оны кез келген уақытта шығарып ала алады. Оған қоса сенімді брокерлер танымал қор биржаларында сауда жасай алады.
Шынайы брокерлердің бағалы қағаздары Орталық депозитарийде сақталады. Бұл – сіздің акцияларыңыз немесе басқа да қағаздарыңыз қауіпсіз жерде екенін білдіреді. Инвестор өз атына тіркелген қағаздарды кез келген уақытта тексере алады және үзінді көшірмесін сұрата алады. Оның үш оңай әдісі бар:
-
Брокерден Орталық депозитарийден алынған ресми үзінді көшірмесін сұратуға болады.
-
eGov.kz сайтына кіріп, “Қаржы”бөлімінен үзінді көшірмені алуға болады.
-
Орталық депозитарийдің сайтының жеке кабинетіне ЭЦҚ арқылы кіріп, сол жақтан көруге болады.
Қорытындыласақ, алаяқтардың басты “қаруы” – адамдардың қаржы сауатының және қауіпсіздігінің төмен екені және асығыстық тануы. Шынайы инвестиция – уақыт пен білімге негізделген жүйелі жұмыс.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
