Қазақстанда мемлекеттік шешім қабылдауда олигархтардың ықпалы шектеліп келеді – Саясаттанушы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан" тұжырымының нәтижесі ретінде мемлекеттік басқару жүйесі есеп беру мен ашықтыққа, әділ бәсекеге бет бұрғаны аталып өтеді. Соның бір көрінісі ретінде Қазақстанда ірі олигархтардың мемлекеттік шешімдерге ықпалы жойылып, бизнес заң аясында жұмыс істей бастағаны айтылады. Осы орайда саясаттанушы Нұрболат Нышанбай Қазақстанда заң үстемдігі орнап, олигархтар көзқарасының өзгеруі орталықтанған билік жүйесінің әрмен қарай нық дамуына тікелей ықпал ететінін айтады.
Саясаттанушының айтуынша, жалпы ықпалды олигархтар легі соңғы отыз жылда Қазақстанда ғана емес, поскеңестік елдерде де қалыптасып үлгерген.
"Тек Қазақстанда емес, посткеңестің бірнеше мемлекетте соңғы отыз жыл көлемінде билікте өте лоялды, үлкен олигархтардың легі қалыптасты. Мәселен, Украина, Өзбекстан, Молдава секілді елдерде. Олардың кейбірі оппозицияға кетіп, саясатқа араласса, кейбір елдерде мүлде саясаттан бөлек, бірақ режимді қолдайтын осындай лоялды жүйе қалыптасты.
Қазақстанда да белгілі бір деңгейде билік төңірегінде, билікпен байланысы күрделі олигархтар тобы қалыптасқан. Олардың мемлекеттік саясатқа ықпалы да бертін келе өсті, тіпті кейбір жағдайларда олардың рөлі тіптен жоғары жоғары болды дер едік", – дейді саясаттанушы Нұрболат Нышанбай.
Оның пікірінше, соңғы жылдары елімізде заң үстемдігі орнап, олигархтардың пікірі қайта қалыптасып жатыр, бұл билік жүйесінің дамуына айтарлықтай ықпал етпек.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы "Екінші Республика" жариялауы, "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасын жариялауы және басқа жобаларда мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы олигархтардың рөлі қайта қаралып жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан кез келген уақытта ішкі саясатта, сыртқы саясатта олигархтардың рөлі жойылмайды деп ойлаймын. Себебі әлеуметтік салада, басқа да салаларда олардың әлеуетін пайдалану мемлекет үшін әрқашан тиімді болып келген. Бірақ олардың мемлкеттік көзқараспен ұстанымы, конституциялық нормаларға бағынуы, қаншалықты деңгейде салық төлей алуы, мемлекеттік институттарды құрметтеуі – екінші мәселе.
Соңғы жылдары Қазақстанда заң үстемдігі орнап, көптеген олигарх өзінің мемлекетке деген көзқарасын қайта қалыптастырып жатыр. Ұзақ мерзімде алғанда бұл орталықтанған билік жүйесінің әрмен қарай нық дамуына тікелей ықпал етеді", – деп есептейді Нұрболат Нышанбай.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Ермұрат Бәпи “Дат” басылымында олигархиялық топтардың ықпалын шектеу – "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама арқылы бұрынғы билік пен байлық шоғырланған жүйені өзгертуді көздеді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған