Солтүстік Қазақстанға көшіп келгендер мемлекеттен 103 миллион теңгеден астам қаражат алып, кейін қонысын тастап кетті
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары қоныс аудару бағдарламасы бойынша бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Қадағалау органы тексерулер аясында әлеуметтік шарттың қабылданған міндеттемелерін орындамау және тұрғын үй құнын асыра бағалау мақсатында қолданыстағы заңнаманың өрескел бұзылуын анықтады.
“Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Жамбыл аудандарында Қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар Әлеуметтік кодекстің талаптарына және адамдарды ерікті түрде қоныс аудару қағидаларының талаптарына қарамастан, тұрғын үй сатып алу шығындарын өтеу үшін мемлекеттік өтемақыны барынша үлкен көлемде алу мақсатында олардың нақты құнын жасанды түрде асыра көрсеткен”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Осындай заңсыз әрекеттерден мемлекетке жалпы сомасы 11,3 миллион теңге шығын келтірілген.
“Осы деректерге сай, прокуратура Қылмыстық кодекстің 190-бабына "Алаяқтық" сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Аудандық сот үкімдерімен Бағдарламаның 3 қатысушысы бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды. Үкім заңды күшіне енді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар әлеуметтік шарт бойынша өз міндеттемелерін бұза отырып, мемлекеттен қаржылай көмек алған қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар тұрақты тұру үшін қоныс аударған орнынан елдің басқа аймақтарына көшкен.
Осыған қарамастан, жергілікті атқарушы органдардың шенеуніктері 103,6 миллион теңге көлеміндегі төлемдерді өндіріп алу шараларын қолданбаған. Прокурорлық қадағалау актілеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың 25 қызметкері (оның ішінде Мансап орталықтары филиалының 11 басшысы) тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 19,1 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражаты өтелді.
Қалған сомаға талап арыздар сотқа беріліп, қаралып жатыр. Бюджет қаражатын жұмсау мәселесі облыстық прокуратураның бақылауында.
Бұған дейін этникалық қазақтар Қазақстанда тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік алған еді.