Солтүстік Қазақстанда тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты: Мұнда қылмыс соңғы рет 2023 жылы тіркелген

Фото: Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті
Қаратал ауылы Есіл ауданындағы төртінші және Солтүстік Қазақстан облысындағы отыз бесінші ішімдіктен толықтай бас тартқан елді мекен атанды. Осыған орай ауыл ақсақалдары челлендж ұйымдастыруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ауыл тұрғындары скандинавиялық жүріс жасап, ауыл көшелерімен жүріп өтті. Салауатты өмір салтын ұстанатынын көрсетті және челленджді Мамлют ауданына жолдады. Іс-шараны өткізуге жергілікті атқарушы органдар, полиция және прокуратура қызметкерлері қолдау көрсетті.
Қаратал ауылы Николаев ауылдық округінің құрамына кіреді. Мұнда 19 үйде елу адамнан астам тұрғын тұрады, жастар қаладағы туыстарынан келіп-кетіп тұрады. Ауылдық округке тәжірибелі учаскелік полиция инспекторы Ринат Садвакасов қызмет көрсетеді. Қаратал ауылына ол негізінен профилактикалық әңгімелер жүргізу үшін барады.
“Бұл елді мекенде соңғы қылмыс 2023 жылы тіркелген. Ол кезде мал ұрлығымен айналысқан топ мүшелері бір қойды ұрлаған. Күдіктілер сол жылдың қыркүйегінде ұсталды. Соңғы бес жылда Қараталда алкогольге байланысты бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген”, – дейді Есіл ауданы полиция бөлімінің бастығы Руслан Мұхамбетжанов.
Полиция подполковнигі Мұхамбетжановтың пікірінше, “ішімдіксіз ауыл” дәстүрі – Заң мен Тәртіп қағидаттарын жүзеге асырудың сенімді кепілі.
Қазақстандағы ең ірі мәмілелер: "Қазақмыс" пен "Қазцинктің" жаңа қожайындары туралы не белгілі